Қоғам

Мыңдаған жүк көлігі мен вагон Қытаймен шекарада тұрып қалды 

Жазылу
НовостиTelegram
Қытай коронавирус пандемиясына байланысты карантин шараларын күшейтіп, Қазақстаннан қабылданатын көлік санын шектеді

НҰР-СҰЛТАН, 10 желтоқсан – Sputnik. Қазақстандық кәсіпкерлер үкіметтен Қытаймен шекара арқылы тауар тасымалдау проблемасына араласып, оны шешуді сұрап отыр.

"Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасы үндеу жасады.

Хатта пандемия басталғалы бері қазақстандық экспорттаушылар мен импорттаушылар Қытай шекарасынан өту кезінде қиындыққа тап болып жатқаны аталып өткен. 8 ай бойы кезек проблемасы шешілмеген, оның үстіне Қытай тарапы карантин шараларын күшейтуіне байланысты жағдай қиындап кеткен.

"Жүк көлігінің жүргізушілері Жаңа жыл мерекесін трассада қарсы алуға дайындалып жатыр, ал бағдарда тұрып қалған вагондар "қолайлы уақытты" күте бермек. ҚХР тарапы шектеу шараларын енгізуіне байланысты жағдай қиындады. Қауіпсіздікті сақтау талаптары күшейтілуде, бұл Қазақстанмен сауда айналымын шектеп жатыр", - деді "Атамекен" ҰКП басқарма төрағасының орынбасары Талғат Темірханов.

Ол сондай-ақ көрші ел шектеулерге байланысты қабылданатын көліктер санын күрт қысқартқанын атап өтті. Осылайша, тәулігіне шекарадан орташа есеппен 20 автокөлік пен 500 вагон өте алады. Бұрын күніне 100-150 автокөлік пен 900 вагон өтетін еді.

Қытаймен шекарадағы проблема: Қазақстан шара қабылдауға мәжбүр болды

"Шекарада көлік саны артып жатыр. Қытай тарапының қабылдаған шаралары үлкен қаржылық шығынға және қазақстандық кәсіпкерлердің шетелдік контрагенттер алдындағы міндеттемелерінің орындалмауына әкеп соқтырды. "Атамекен" ҰКП үкіметтен елдер арасындағы экспорттық жүк ағынын қалпына келтіріп, жүк тасымалын арттыру үшін Қытай тарапымен үкімет басшылары деңгейінде келіссөздер жүргізуді сұрады", - деп нақтылады Ұлттық палата төрағасының орынбасары.   

Қазақстандық вагондар Қытай шекарасында тұрып қалды

"ҚТЖ" ҰК"АҚ ақпаратына сәйкес, Қазақстан теміржолында экспорттық өнімдер – руда, астық және басқа да жүктер  тиелген 12 мыңға жуық вагон топталып қалған, оның 8 мыңын шекарадан өте алмауына байланысты тастап кеткен. Бұл тағы бір проблема – вагондардың жетіспеушілігіне алып келген.

Сонымен қатар, ҚТЖ желтоқсан айында Қытай тарапы вагон қабылдауды 50% азайтуды көздеп отырғанын хабарлады. Мұндай жағдайда 26 мыңнан астам вагонның 15 мыңы ғана қабылданады.

Автокөлік бекеттеріндегі кептеліс 

Қытаймен шекарадағы "Нұр жолы" автокөлік бақылау-өткізу бекетінде қазақстандық өнімдерді: күнбағыс майы, маргарин, жүн тиеген 600 жүк көлігі кезек күтіп тұр. Сондай-ақ Қытай өнімдерін әкелмек болған 8 мың бос көлік кептеліп қалды. "Достық" бақылау-өткізу бекетінде де осындай жағдай қалыптасып жатыр.

Ұлттық палата Қазақстан-Қытай шекарасындағы жағдайды тұрақтандыру жөніндегі шаралар нарықтың барлық қатысушысы үшін тең құқықтық және өзара тиімділік негізінде қабылдануы керек деп атап өтті, бұл әлеуметтік-экономикалық шиеленісті болдырмайды.

Жаңалықтар
0