Қоғам

Қазақстанда ағашты заңсыз кескендер миллиондаған айыппұл төлейді

© Sputnik / Тимур БатыршинДеревья вырубили возле Sulpak в Алматы
Деревья вырубили возле Sulpak в Алматы - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Әкімшілік және қылмыстық кодекстерге де өзгерістер енгізу жоспарланып отыр. Мәселен, әкімшілік кодекс аясында құқықбұзушылықтардың қайталануына байланысты айыппұлды арттыру ұсынылды

НҰР-СҰЛТАН, 10 желтоқсан – Sputnik. Экология министрі Мағзұм Мырзағалиев ағаштар мен бұталарды заңсыз кескені үшін жазаның қалай күшейтілетінін айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі. 

Министрдің айтуынша, соңғы кезде ағаштар мен бұталарды заңсыз кесу, жою және зақымдау фактілері жиілеп кеткен.  Осыған байланысты ондай тәртіп бұзушылықтар үшін жазаны күшейтуге бағытталған бірқатар шаралар  пысықталды. Мәселен, индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі жасыл екпелерді күтіп-ұстау мен қорғаудың үлгілік қағидаларына толықтыру енгізіп отыр. 

"Оған сәйкес Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілген ағаштарды заңсыз кесу, жою, зақымдау кезінде 30 есе мөлшерде компенсациялық ағаш отырғызу, сондай-ақ жеке және заңды тұлғаларға тиесілі нысандардың іргелес аумағындағы жасыл желекті екпелерді жойғаны үшін 10 есе мөлшерде ағаш отырғызу көзделетін болады. Бұдан бұрын бұл нормалар ережеде болмаған", - деді Мырзағалиев үкіметтің онлайн отырысында. 

Бұдан бөлек, орман заңнамасын бұзудан келген зиянның мөлшерін есептеу үшін базалық ставкаларға өзгерістер енгізілді. Осы аптада үкімет қаулысының тиісті жобасы қабылданды. 

"Қаулыға сәйкес, Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілген әрбір заңсыз кесілген ағаш үшін зиянды өтеу мөлшерін 6 айлық есептік көрсеткіштен 1 000 айлық есептік көрсеткішке (2 778 000 теңге - Sputnik) дейін ұлғайтылды. Сонымен қатар, базалық ставкалар ағаш түрлері мен жасына қарай елді мекендерде өсетін ағаштар мен бұталарды заңсыз кесу кезіндегі залалды өтеу мөлшерлерін айқындау жөніндегі жаңа жеке қосымшамен толықтырылды", - деп атап көрсетті Мырзағалиев.

Әкімшілік және қылмыстық кодекстерге де өзгерістер енгізу жоспарланып отыр. Мәселен, әкімшілік кодекс аясында құқықбұзушылықтардың қайталануына байланысты айыппұлдарды арттыру ұсынылды. Олар: 

жеке тұлғаға 10 айлық есептік көрсеткіштен 150 айлық  есептік көрсеткішке (416 700 - Sputnik) дейін;

  • шағын кәсіпкерлік субъектілеріне 30 айлық есептік көрсеткіштен 450 айлық есептік көрсеткішке (1 250 100 - Sputnik) дейін;
  • орта кәсіпкерлік субъектілеріне 40 айлық есептік көрсеткіштен 600 айлық есептік көрсеткішке (1 666 800 - Sputnik) дейін; 
  • ірі кәсіпкерлік субъектілеріне 100 айлық есептік көрсеткіштен 1500 айлық есептік көрсеткішке (4 167 000 теңге - Sputnik) дейін арттыру. 

"Бұдан басқа, ағаштарды заңсыз кескені үшін санкцияларды қатаңдату бойынша Қылмыстық кодексіне де өзгерістер енгізу көзделіп отыр", - дейді Мырзағалиев.

Жаңалықтар
0