НҰР-СҰЛТАН, 10 желтоқсан – Sputnik. Ағымдағы жылдың төртінші тоқсанында тағы да баға өсімі тіркелді. Бұл туралы үкіметтің онлайн отырысында сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Министрдің айтуынша, жыл басынан бері әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасы 9,6 процентке өскен. Азық-түлік бағасы алдымен төтенше жағдай кезінде 4,1 процентке көтерілген. Мәселен, 17-24 наурыз аралығында бағалар рекордтық 1,7 проценттік тармаққа өсті. Осыдан кейін шекті бағалар енгізу, экспортқа тыйым салу және квота белгілеу сияқты шұғыл шаралар қолған алынған болатын. Соның арқасында баға өсімі тоқтатылды.
"Алайда ағымдағы жылдың төртінші тоқсанында баға өсімі тағы да тіркелді. Қазан айында – 2,8 процент және қарашада – 2,3 процент", - деді Сұлтанов.
Оның сөзіне қарағанда, жыл басынан бері Нұр-Сұлтан қаласында (15,6%), Павлодар (15,4%) және Атырау облыстарында (12,9%) бағаның ең жоғары өсіміне жол берілді. Әлеуметтік маңызы бар тауарлардың 8 түрі бойынша бағаның 10-нан 30 процентке дейін едәуір өскені байқалады.
"Қант пен қарақұмық жармасы сияқты импортқа тәуелді тауарлардың бағасы қарқынды өсті. Бұған жыл ішінде валюта бағамының және әлемдік бағаның өсуі себеп болды. Қант пен қарақұмық негізінен Ресейден импортталады, осы тауарлар сәйкесінше 33,6 процентке және 34,6 процентке қымбаттаған", - деп атап көрсетті Сұлтанов.
Бұдан бөлек, экспортқа бағдарланған жекелеген тауарлар да қымбаттады. Күнбағыс майы әлемдік бағаның 53,8 процентке, картоп экспорттың 46,1 процентке өсуіне байланысты жоғарылады. Ал жұмыртқаның бағасы тауық санының қысқаруы мен өндірістің 6,3 процентке төмендеуі салдарынан өсті.
Айта кетейік, елімізде 9 тауарға шекті бағалар белгіленген болатын. Олар: ұн, нан, түтік кеспе, қарақұмық жармасы, күріш, күнбағыс майы, сиыр еті, жұмыртқа және тұз. 7 тауар - қарақұмық, қант, картоп, пияз (сарымсақ), күнбағыс тұқымы, күнбағыс майы, қарақұмық жармасының экспортына тыйым салынды. Ал сәбіз, шалқан, қызылша, қырыққабат, бидай ұны және жұмсақ бидайға ай сайынғы квота бекітілді.