НҰР-СҰЛТАН, 10 желтоқсан – Sputnik. Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов әлеуметтік-экономикалық даму есебін жариялады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"Қарашаның қорытындысы бойынша экономикалық серпін қазан айына қарағанда неғұрлым жоғары. Оң тренд байқалады", - деді Дәленов үкіметтің онлайн отырысында.
Оның айтуынша, өңдеу өнеркәсібі салаларында серпінді өсу сақталып отыр. Фармацевтика (39,5 процент), жеңіл өнеркәсіп (15,5 процент), машина жасау (16,4 процент), соның ішінде автомобиль жасау (52,6%) жоғары өсу қарқынын көрсетті.
"Қарашаның көрсеткіштері қызмет көрсету секторының жанданғанын көрсетті. Атап айтқанда, сауда 17,1 процентке, ойын-сауық және демалыс – 17, техникалық қызмет – 15,9, тұру және тамақтану бойынша қызметтер – 10,5, білім беру – 7,6, байланыс – 4,5, техника мен бұйымдарды жөндеу – 3,5 процентке ұлғайды", - деп атап көрсетті Дәленов.
Жалпы, қаңтар-қараша айларында сыртқы сауда айналымы 70,5 миллиард долларды құрады. Экспорт - 39,2 миллиард доллар, ал импорт 31,3 миллиард доллар болды. Осылайша, 7,9 млрд. доллар деңгейінде сауда теңгерімінің оң сальдосы сақталды.
"Жалпы ішкі өнімнің өсуі минус 2,8 процент деңгейінде қалыптасты. Жылдық инфляция 7,3%-ті құрады", - дейді Дәленов.