Қоғам

Ағылшын соты қазақстандық миллиардердің активтеріне қойылған шектеуді алып тастады

© Photo : Группа компаний "Верный капитал"Болат Өтемұратов
Болат Өтемұратов - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Қашқын банкир Мұхтар Әблязов жымқырған ақшаны жылыстату ісіне Болат Өтемұратовтың қатысы жоқ екені расталды

НҰР-СҰЛТАН, 9 желтоқсан – Sputnik. Ағылшын соты қазақстандық миллиардер Болат Өтемұратовтың активтеріне шектеу шараларын қолдану туралы бұйрықтың күшін жойды.

Бұл ақпаратты Sputnik Қазақстанға Өтемұратовқа тиесілі "Верный капитал" компаниялар тобы растады.

"Келіссөздер нәтижесінде Болат Өтемұратовтың өкілдері мен БТА банкі арасында құпия келісімге қол қойылды. Оған сәйкес, банк өз талап-арызын кері алуға міндеттелді. Аталған келісім бойынша ағылшын сотының Болат Өтемұратовтың активтеріне шектеу шараларын қолдану туралы бұйрығы алынып тасталды", - делінген баспасөз хабарламасында.

Өтемұратов ағылшын сотының шешіміне қанағаттанатынын жеткізді.

"Біздің бір топ заңгеріміз аз уақыт ішінде бұл іске менің еш қатысым жоқ екенін дәлелдейтін айғақтар жинады. Біздің компаниялардың жұмысы ашықтық қағидатына құрылғанын, заңды құрметтеуге және корпоративтік басқарудың үздік тәжірибесіне негізделгенін атап өткім келеді. Мен үшін адалдық пен абырой-бедел әрдайым бірінші орында. Осы қиын кезеңде мені қолдаған отбасыма, достарыма, серіктестеріме, компаниялардың ұжымдарына және тілектес болған барша жанға алғысымды айтамын", - деді ол.

БТА банкінің талап-арызын реттеуге "қашқын банкир Мұхтар Әблязов пен сыбайластары БТА банктен жымқырған ақшаны жылыстату ісіне Болат Өтемұратов пен онымен байланысты адамдар және компаниялардың қатысы жоқ екенін" растайтын құжаттарды ұсыну туралы уағдаластық негіз болған.

"Құжаттардың бір бөлігі аталған келісімге қол қойылмай тұрып көрсетілді. Тараптар, сондай-ақ, ұрланған ақшаны қайтаруға қандай да бір пайдасын тигізетін кез келген мәліметпен алмасуға уағдаласты", - делінген "Верный капитал" хабарламасында.

Өтемұратов активтері төңірегіндегі дау

Өткен аптада Ұлыбритания соты БТА банктің сұрауымен Өтемұратовқа тиесілі бес миллиард доллардың активтерін бұғаттағаны белгілі болды. Бұл туралы қашқын банкир Мұхтар Әблязов жазды.

30 қараша күні миллиардерге тиесілі "Верный капитал" компаниялар тобы бұған түсініктеме берді.

Олардың ақпаратынша, бұл талап-арызды "БТА банкі" АҚ 2015 жылы Мұхтар Әблязов пен Ілияс Храпуновқа бағыттаған.

Тағы оқыңыз: "Шыдауға тура келеді": Назарбаев Мұхтар Әблязовтың әрекетіне күйінді

"Кейін жауапкерлер тізімінің кеңейтілуіне байланысты оның құрамына 2020 жылдың қарашасында Болат Өтемұратов пен оның бизнес құрылымына кіретін бірқатар адам енді. Бұл талап-арызға "БТА банкі" АҚ мен оның заңгерлері ұсынған жалған құжаттар негіз болды. Талап-арыз бойынша жақын арада наразылық білдіріледі", - делінген "Верный капитал" хабарламасында.

Кейінірек компаниялар тобының бас директоры Ерлан Оспанов өздерінің қалыпты режимде жұмыс істеп жатқанын мәлімдеді.

Болат Өтемұратов болып жатқанның бәрі өзінің беделін түсіру және бизнеске зиян келтіру мақсатындағы шабуыл деп санайтынын айтты.

Мұхтар Әблязовке қатысты сот талқылауы төрт жыл бұрын АҚШ-та басталған еді. Банкирге Құрама Штаттар аумағында ақша жылыстатты деген айып тағылып отыр.

2018 жылдың соңында банкир Ержан Тәтішевті өлтіргені үшін Әблязов сырттай өмір бойына бас бостандығынан айырылды.

Сондай-ақ, 2017 жылдың маусымында Алматының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты басты фигурант Әблязовті ұйымдасқан қылмыстық топ құрып, оны басқарғаны және БТА банктен 7,5 миллиард доллар жымқырғаны үшін кінәлі деп тауып, 20 жылға соттады.

Жаңалықтар
0