Қоғам

Министрлік коронавирус шарықтау шегіне қатысты болжам өзгергенін хабарлады

© Sputnik / Абзал КалиевАвтомобили на дороге на левом берегу столицы
Автомобили на дороге на левом берегу столицы - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Бүгінде "қызыл" аймаққа екі өңір – Солтүстік Қазақстан мен Павлодар облыстары кіреді. Ал Қостанай мен Ақмола облыстары "сары", яғни, тәуекелі орташа аймаққа ауысты

НҰР-СҰЛТАН, 9 желтоқсан – Sputnik. Денсаулық сақтау вице-министрі – бас мемлекеттік санитар дәрігер Ерлан Қиясов коронавирустың шарықтау шегіне қатысты болжамның өзгергенін мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

"Бұған дейін денсаулық сақтау министрі коронавирусты жұқтырудың шарықтау шегі желтоқсан-қаңтар айларында болатынын айтқан. Бұл – пессимистік болжам. Қазір байқап қарасақ, оптимистік болжам іске асып жатыр. Бүгінгі жағдай жалғаса берсе, я болмаса, пессимистік болжам бойынша коронавирусты жұқтырудың шарықтау шегі қаңтардың аяғына және ақпанның басына келеді", - деді Қиясов орталық коммуникациялар қызметінде өткен онлайн брифингте.

Бас санитардың айтуынша, бүгінде "қызыл" аймаққа екі өңір – Солтүстік Қазақстан мен Павлодар облыстары кіреді. Ал Қостанай мен Ақмола облыстары "сары", яғни, тәуекелі орташа аймаққа ауысты. Осы зонада Шығыс Қазақстан, Атырау облысы, Алматы мен Нұр-Сұлтан қалалары тұр.

"Сары" аймақтан "жасыл" аймаққа Батыс Қазақстан облысы ауысты. Қалған өңірлер "жасыл" зонада тұр. Өткен екі аптаның ішінде коронавирусқа шалдыққандардың саны 10 процентке өсіп отыр. Тәуекелі жоғары аймақтардағы эпидемиологиялық жағдайды ескере отырып, күшейтілген шектеу шаралары сақталып келеді. Ал ауруға шалдығу көрсеткіші өспей жатқан өңірлерде карантиндік шаралар біртіндеп жеңілдетіліп жатыр", - деп атап көрсетті Қиясов.  

Ресми мәліметке сәйкес, соңғы бір тәуліктің ішінде республика бойынша тағы 729 адамда коронавирус анықталды. Кеше 670 науқас болған. Жалпы, пандемия басталғалы бері 138 382 адам коронавирусты жұқтырды. Басым бөлігі жазылып шықты. 2 мыңнан астам науқас қайтыс болды.

Бұдан бөлек, 1 тамыздан ПТР-тесті теріс нәтиже көрсеткен, бірақ коронавирустың айқын белгілері бар пневмониялар бөлек тіркеледі. Содан бері коронавирустық пневмониямен 43 339 адам тіркеуге алынды. 456 науқас осы диагноздан көз жұмды.

 

Жаңалықтар
0