АЛМАТЫ, 9 желтоқсан – Sputnik. Жаңа жылда Алматыда мейрамханалар шектеу шараларын сақтап жұмыс істейтін болады. Бұл туралы қаланың бас санитар дәрігері Жандарбек Бекшин брифинг барысында мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"Дәмхана, мейрамханалар Алматы қаласының бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің қаулысымен белгіленген шектеулермен қалыпты режимде жұмыс істейтін болады. Алайда отбасылық, салтанатты, іс-шараларды, оның ішінде үйде және адамдар көп жиналатын өзге де іс-шараларды өткізуге тыйым салынған", - деді Бекшин.
Айтуынша, бір жерде жұмыс істейтін қызметкерлерге бірлесіп жаңа жылдық жиын өткізуге болмайды.
"Жұмыста корпоративтегідей тығыз байланыс болмайды. Біреу жұмыс орнында отырады. Қажетті барлық шараны сақтайды. Бірі қашықтан жұмыс істейді. Сол себепті корпоратив өткізуге салынған тыйым сақталады", - деді ол.
Сонымен қатар қаланың бас санитар дәрігері жаңа жыл кешінде шырша маңында қыдыруға рұқсат беріле ме деген сауалға жауап берді.
"Біз ғимарат ішінде де, ашық ауада да жаппай жиналуға қарсымыз. Егер бір отбасыда 5-6 адам болса, біз оған қалай кедергі жасай аламыз? Далада медициналық бетперде тағуға болады. 10 адамнан көп адамның бір жерге шоғырлануы жаппай жиналу болып саналады", - деп түсіндірді Бекшин.
Айта кетейік, пандемия басталғалы қалада 16 667 адам коронавирус жұқтырды, 1 205 адам пневмонияға шалдықты.