АЛМАТЫ, 9 желтоқсан — Sputnik. Премьер-министр орынбасары Ералы Тоғжанов Алматыға барып, қала әкімі Бақытжан Сағынтаев және медицина қызметкерлерімен кездесті. Нақты тапсырмалар берді.
Тоғжанов еңбеккерлер саны 15 және одан да көп ұйым қызметкерлерінің 60-80%-ін қашықтықтан жұмыс істеу режиміне көшіру керектігін айтты. Мектепке дейінгі балалар мекемелерінде қосымша кезекші топтар, қала мектептерінде кезекші сыныптар ашуды тоқтата тұру туралы шешім қабылданды.
Сауда ойын-сауық орталықтары, сауда нысандары жексенбі күндері жабылады. Санитарлық шаралар жүргізіледі. Сауда нысандарының жұмысы сенбі күні сағат 17.00-ге дейін шектеледі.
Бұдан басқа тағы бірқатар тапсырма берілді:
- қоғамдық тамақтану нысандарының, оның ішінде сауда ойын-сауық орталықтарында орналасқан нысандарға сағат 19.00-ден 23.00-ге дейін жұмыс істеуге рұқсат етіледі. Ұжымдық іс-шаралар өткізбей, бас санитар дәрігер қаулысының талаптарын сақтай отырып, отыратын орындар саны 50-ден аспауы тиіс;
- өнеркәсіптік, құрылыс, көлік кәсіпорындарының қызметкерлерін жұмысқа жеткізу және тасымалдау үшін ұйымдарға қызметтік көлікті ұсыну;
- ХҚКО жұмысын ұйымдастыру бойынша: бас санитар дәрігер қаулысы талаптарын сақтай отырып, жұмыс күндері сағат 10.00-ден 18.00-ге дейін, сенбі күндері сағат 10.00-ден 15.00-ге дейін жұмыс кестесін белгіленеді;
- тестілік режимде жұмыс істеу кезінде белгіленген шектеу шараларын сақтай отырып, туризм объектілерінің жұмысын жалғастыру.