АЛМАТЫ, 8 желтоқсан – Sputnik. Қазақстандық миллиардер әрі меценат Болат Өтемұратов БТА банкінің талап арызы бойынша Англиядағы активтерінің миллиардтаған долларға бұғатталуына қатысты резонансқа пікір білдірді.
7 желтоқсанда қазақстандық миллиардер Болат Өтемұратов акционері болып табылатын компанияның қызметкері олигархтың хатын жариялады.
"Верный капитал" өкілі Sputnik Қазақстан тілшісіне оның ресми құжат және түпнұсқа екенін растады.
"Өткен аптаның соңында БТА банктің талап арызы бойынша "Верный Капитал" тобының компанияларындағы үлесті иеленуге қатысты шектеу енгізу туралы ағылшын сотының құжаттарын электронды пошта арқылы алдық. Таңғалғанымды жасырмаймын", - деп жазылған Өтемұратовтың хатында.
Айтуынша, дереу істі шешуге кіріскен. Заңгерлердің хабарлауынша, сот шешімі жалған құжат негізінде шығарылған.
"Қазір біз осы шешімді жою бойынша жұмыс істеп жатырмыз, бұл біраз уақытты қажет етеді және мәселе жақын арада шешілетініне сенімдімін. Қазір істі талқылап жатырмыз, мен ресми мәлімдеме жасап жүрген жоқпын. Барлық компания қалыпты режимде жұмыс істей береді", - делінген хатта.
Болат Өтемұратов болып жатқанның бәрі өзінің беделін түсіру және бизнеске зиян келтіру мақсатындағы шабуыл деп есептейді. Олигарх өзінің кінәсіздігін дәлелдейтінін баса айтты.
Өтемұратов активтері төңірегінде жанжал
Өткен аптада Ұлыбритания соты БТА банктің өтініші бойынша Өтемұратовқа тиесілі бес миллиард долларлық активті бұғаттағаны белгілі болды. Бұл туралы қашқын банкир Мұхтар Әблязов жазды.
30 қарашада Өтемұратовқа тиесілі "Адал капитал" компаниялар тобы бұл хабарламаға қатысты жауап берді. Олар "БТА Банкі" АҚ бұл талап арызды бастапқыда 2015 жылы Мұхтар Әблязов пен Ілияс Храпуновқа бағыттағанын түсіндірді.
"Жауапкерлер тізімінің кеңеюіне сәйкес, олардың құрамына 2020 жылдың қарашасында Болат Өтемұратов және оның бизнес құрылымына кіретін бірқатар адам қосылды. Бұл талапты қоюға "БТА Банкі" АҚ мен оның заңгерлері ұсынған жалған құжаттар негіз болды. Жақын арада талап арызға байланысты наразылық білдіріледі", - делінген "Верный Капитал" мәлімдемесінде.
Оқи отырыңыз: Өтемұратов Мақтаарал ауданында үй салуға 6 миллион доллар бөлді
Кейін компаниялар тобының бас директоры Ерлан Оспанов Facebook парақшасында қалыпты режимде жұмыс істеп жатқандарын жазды.
"Біз барлық активке иелік етуге қатысты шектеу шаралары туралы ағылшын сотының шешімін алдық. Бұл шектеулер Болат Өтемұратов акционері болып табылатын компаниялардың, оның ішінде банктер, қонақүйлер, телеком-операторлар, тау-кен өндіру компаниясы мен фаст-фуд мейрамханаларының операциялық қызметіне қатысты емес және оларға әсер етпейді. Активтерді тоқтату меншік иесінің өзі акционер болып табылатын компанияларды басқаруға қатысу құқығын шектемейді және бизнесті жүргізуге кедергі келтірмейді", - деп түсіндірді Оспанов.
Ол халықаралық адвокаттардың БТА банкінің талабына жауабы заңгерлерге жіберілгенін атап өтті. Шағым дайындалып жатыр. Компанияға сотта банк талаптарына наразылық білдіру үшін уақыт қажет.