НҰР-СҰЛТАН, 8 желтоқсан – Sputnik. Талдықорғанда полиция арнайы операция өткізіп, өңір аумағында ұрлықпен айналысқан қылмыстық топтың мүшелерін ұстады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Полицияның ақпаратынша, Талдықорған қаласының 22-29 жастағы бес тұрғыны соңғы екі айда облыс аумағында ұрлық жасаумен айналысқан.
Ұсталғандардың үшеуі бұған дейін ұрлық пен алаяқтық үшін істі болғаны анықталды. Күдіктілерді ұстауға арнайы жасақтың жауынгерлері көмектесті.
"Олар әзірге 12 қылмыс бойынша айыпталып отыр, оның алтауы Талдықорғанда, бесеуі Сарқан ауданында және біреуі Көксу ауданында тіркелді. Қылмыстық топ жеке үйлер мен пәтерлерді тонаған", - деп мәлімдеді Алматы облысы полиция департаментінің баспасөз қызметінен.
Тағы оқыңыз: ҰҚК "Боратқа" қатысы бар қылмыстық топты ұстады – видео
Ведомство мәліметінше, ұрланған заттың бір бөлігі тәркіленіп, заттай айғақ ретінде қылмыстық іс материалдарына қосылды.
Ұсталған төрт азамат қамауға алынды. Біреуі ешқайда кетпеу туралы қолхатпен босатылды. Қазір күдіктілердің басқа қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексеріліп жатыр.