Қоғам

Әбдіқалықов қауіпсіздік сертификаты жайлы: мұны қазақтар ойлап тапқан жоқ

© Sputnik / Владислав ВодневЗампредседателя комитета по информационной безопасности министерства оборонной и аэрокосмической промышленности Руслан Абдикаликов
Зампредседателя комитета по информационной безопасности министерства оборонной и аэрокосмической промышленности Руслан Абдикаликов   - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Қауіпсіздік сертификаты трафикті тексеріп, өзінде "қара тізімде" тұрған сілтемелерді табуға тырысады. Егер сәйкестік тапса, оны жойып, қолданушыға қолжетімсіз етеді

НҰР-СҰЛТАН, 7 желтоқсан – Sputnik. Қауіпсіздік сертификаты адамдарды аңду үшін емес, тыйым салынған контентті бұғаттау үшін қажет. Бұл туралы цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі ақпараттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Руслан Әбдіқалықов мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

"Apple, Mozilla, Google сияқты ірі компаниялар қауіпсіздік сертификатына сенімсіздік білдіріп, оны бұғаттап тастады. Осыған байланысты мынадай сұрақ: сертификат қаншалықты қауіпсіз?", - деп сұрады журналист Нұр-Сұлтанда өткізілген кибержаттығуға арналған баспасөз мәслихатында.  

"Смартфоныңызды ашып қарасаңыз, онда басқа мемлекеттердің жүздеген сертификаты орнатылған. Сіз сол елге барған кезде, шетелдік арнайы қызметтердің объектісіне айналасыз. Бірақ, сіз мұны ойлап уайымдамайсыз ғой, дұрыс па? Мұқият назар аударсаңыз, ол мемлекеттердің бәрі НАТО блогына кіреді. Сондықтан оларда интернетке қатысты проблема жоқ. Ал бізде бар, өйткені біз ҰҚШҰ-ға мүшеміз, НАТО-ға кірмейміз. Тиісінше, таза саясат тұрғысынан, біздің сертификатты ешкім мойындамайды", - деп түсіндірді Әбдіқалықов.

Себебі, оның айтуынша, Қазақстанның арнайы қызметтерінің шетелдегі сияқты тиімді жұмыс істегенін ешкім қаламайды.

"Қазіргі бар механизмдерді біз ойлап тапқан жоқпыз. Ең ақылды халық –  қазақтар, қауіпсіздік сертификатын ойлап тапты деп отырған ешкім жоқ. Біз тек басқалар не істеп отырғанын көрдік, бар болғаны сол. Бірақ, неге екені белгісіз, біреулердің әрекеті дұрыс және ол демократияға сай да, қандай да бір ел өз аумағында дәл соны қолға алса, "жоқ, сендерге жасауға болмайды" деп шығады", - дейді комитет төрағасы.

Оқи отырыңыз: Қазақстанда енді интернетке қатысты проблема болмайды – министрлік 

Ол қауіпсіздік сертификаты Қазақстан аумағында шығарылғанын атап өтті. Айтуынша, жүйе автоматтандырылған режимде жұмыс істейді.

"Яғни, ешкім қолданушыны аңдымайды. Жүйенің мақсаты – тек тыйым салынған контентті бұғаттау. Яғни, "машина" трафикті тексеріп, өзінде "қара тізімде" тұрған сілтемелерді табуға тырысады. Егер сәйкестік тапса, оны жойып, қолданушыға қолжетімсіз етеді", - деп түсіндірді министрлік өкілі.

Ол қазақстандықтардың жеке деректері ең алдымен Ата заңмен қорғалатынын айтты. Егер құқық қорғау немесе арнайы органдардың қызметкері өз қызметін теріс пайдаланып, заңсыздыққа барса, қылмыстық жауапқа тартылады, түрмеге қамалады.  

6 желтоқсанда цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі Ұлттық қауіпсіздік комитетімен бірге Нұр-Сұлтанда "Киберқауіпсіздік Нұр-Сұлтан-2020" оқу-жаттығуын бастады. Бұған пандемияға және қашықтан жұмыс істеуге ауысуға байланысты елдің цифрлық кеңістігіне кибершабуылдардың жиілеуі себеп болған.

Жаңалықтар
0