АЛМАТЫ, 7 желтоқсан – Sputnik. Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев қаладағы "Сарыарқа" және "Достық" станциялары мен метро желісінің құрылысы қызу жүріп жатқанын айтты.
Бұл екі метро желісінің ұзындығы – 3,1 шақырым.
"Станциялық құрылыстар мен аралық тоннельдердің негізгі конструкцияларының дайындығы шамамен 90%-ті құрайды. Әрлеу жұмыстары, станцияларды сәулеттік безендіру, құрылыстарды инженерлік қамтамасыз ету, жолдың жоғарғы құрылысын қалау және технологиялық жабдықтармен қамтамасыз ету жұмыстары жүргізілуде", - деді қала әкімі.
Екі станциясы бар желіні іске қосу 2022 жылдың бірінші жартыжылдығында жоспарланып отыр.
"Сарыарқа" және "Достық" станцияларының іске қосылуымен жолаушылар ағыны екі есеге – тәулігіне 86 мың адамға дейін артады", - деп түсіндірді қала басшысы.
Әкімнің айтуынша, 2020 жылдың соңына дейін кореялық HyundaiRotem өндірісінің электр пойыздарының 8 құрамын (32 вагон, әрқайсысы 4 вагоннан) жеткізу жоспарланып отыр. Бұл жолаушылар ағынын арттыруға мүмкіндік береді.
Айта кетейік, қазір Алматы метрополитенінде 9 станция жұмыс істейді, желінің ұзындығы – 10,3 шақырым. Орташа жолаушылар ағыны тәулігіне 45-50 мың адам.