АЛМАТЫ, 7 желтоқсан – Sputnik. Орталық коммуникациялар қызметі алаңында Бақытжан Сағынтаев Алматыда заңсыз соғылған үйлерге қатысты жағдайды түсіндірді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Айтуынша, кезінде Алматыға қосылған жердегі бос орынға біраз азамат үй соққан, оның біразы заңдастырылған. Алатау ауданында халықпен кездескен кезде сұрақтар да осы жайлы болды.
"Көшемізде жол бар, жарық тартылды, барлық жағдай жасалған, бірақ заңдастыру жағын шеше алмай отырмыз дейді. Қолда бар құжаттар негізінде шешімдер қабылданбаған. Адам ол жерге үй салып, тұрып жатса, қалай қуып шығасыз?! Сондықтан мұндай үйлердің 76%-і құжатын алды", - деді Сағынтаев.
Әкімнің сөзіне қарағанда, бұл азаматтарға рұқсат беріліп, құжатты заңдастырып алды. Ал құжатын реттей алмай отырғандардың үйі заңсыз салынған. Заңға қандай да бір өзгеріс енгізілсе, оларға да рұқсат беріледі.
"Заңға сәйкес, үйлер судан 35 метр қашықтықта болу керек. Ал құжатын заңдастыра алмай отырған үйлердің көбі жақын тұр. Қазір біз оған рұқсат беретін болсақ, ертең ол заңға қарама-қайшы деп, қайтадан бұзылады. Біз заңға қарсы дүниеге рұқсат бере алмаймыз", - деді қала басшысы.
Мұндай жағдайдың басым көпшілігі Алатау және Жетісу ауданында жиі кездеседі.