Өңірлер

"Қынжылтатын жағдай": Алматы әкімі ағаштардың кесілуіне қатысты пікір білдірді

© Sputnik / Тимур БатыршинДеревья вырубили возле Sulpak в Алматы
Деревья вырубили возле Sulpak в Алматы - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Қала орталығындағы ағаштардың кесілуі әкімдіктің ғана емес, ел көлемінде біраз азаматтың ашуына тиді, деп атап өтті Сағынтаев

АЛМАТЫ, 7 желтоқсан – Sputnik. Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев қала орталығындағы ағаштардың кесілуіне қатысты ойын айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Орталық коммуникациялар қызметі алаңында қала әкіміне "Sulpak-тың ағаштарды кесуі 2019 жылы қабылданған "Жасыл Алматы" бағдарламасына қайшы емес пе?" деген сұрақ қойылды.

Айта кетейік, бұл бағдарлама аясында Алматыда үш жылда бір миллион ағаш егу жоспарланған.  

"Былтыр күзде бағдарлама бойынша алғашқы жұмыстарды бастадық. Мектептердің айналасында көптеген шаруа атқарылды. Биыл көктемде каратинге байланысты ешқандай жұмыс жүргізілмеді. Бұл түсінікті. Күзде 250 мың түп ағаш отырғызылды. Жоспар бойынша келе жатырмыз", - деді Сағынтаев.

Оның айтуынша, қала орталығындағы ағаштардың кесілуі қала әкімдігінің ғана емес, ел көлемінде біраз азаматтың ашуына тиген.

"Біз әкімшілік болып, халық болып ағаш егу мәселесін, қаланы көгалдандыру, жасылдандыру жұмысын жүргізіп жатқан кезде кей селқос кәсіпкерлердің бұл әрекеті елдегі азаматтардың ашу-ызасын келтірді. Кәсіпкерлерге негізгі мақсат жұмысқа бірлесе отырып атсалысу екенін айтып отырамыз. Ал кейбірі түн жамылып келіп, ағаштарды кесіп жатқаны қынжылтатын жағдай", - деді қала әкімі.

Айта кетейік, қалалық бағдарлама аясында 2019 жылы 130 мың көшет отырғызылды, 2020 жылы 250 мың түп ағаш егілді.

Sulpak төңірегіндегі дау

Алматыда 23 қарашада сенбіден жексенбіге қараған түні Төле би көшесінің бойында Әуезов пен Жароков көшесі арасындағы аймақта тоғыз емен мен төрт шегіршін діңгегі табылды. Ал Алматының жасыл экономика басқармасы ағаштарды кесуге рұқсат бермеген.

Оқи отырыңыз: Сағынтаев Алматыда қанша кәсіпкердің салық мерзімі ұзартылғанын хабарлады 

Басқарманың хабарлауынша, Sulpak пен ғимарат иелері және "Сакура" және "Бурибекова" жеке кәсіпкерлері арасында абаттандыру, субұрғыш науаны демонтаждау, жаяу жүргінші жолы плиталарын бөлшектеу, құнарлы қабатты кесу бойынша мердігерлік шарттар жасалған.

Содан кейін мемлекет басшысы Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаевқа аталған жағдайға байланысты қызметтік тексеру жүргізіп, кінәлілерді жауапкершілікке тартуды тапсырды.

Келтірілген залалды анықтау үшін жасыл экономика басқармасы Іле Алатауы ұлттық табиғи паркіне сұрау жіберді.

Кейіннен алматылықтар ағаштар кесілген жерге 30 емен отырғызды.

Жаңалықтар
0