Биыл коронавирус пандемиясына байланысты әдеттегідей өтпеген сұлулық байқауының гранд-финалының қалай ұйымдастырылғанын Sputnik Қазақстан суреттерінен көре аласыз.
"Алматы аруы – 2020" сұлулық байқауының қорытындысы шықты. Қаланың басты сұлуын анықтау үшін қазылар алқасы кеңесу бөлмесінде жарты сағат ақылдасты.
Байқауға қатысуға үш мыңға жуық адам өтінім берген. Оның ішінде 264 бойжеткен келесі кезеңге өтті. Ал ақтық мәреге алты қыз ғана қатысты.
Биыл "Алматы аруы" сұлулық байқауы жиырмасыншы рет өтті. Әдетте үш ай ішінде өтетін байқау коронавирус пандемиясына байланысты биыл тоғыз айға созылған.
"Бастапқыда "Алматы аруы – 2020" байқауына үш мыңнан астам өтінім түсті, бірақ 25 қаңтарда кастингке 673 адам келді. Кастингтің төрт турын өткізуге тура келді. Нәтижесінде 25 адам таңдалды, ал гранд-финалға алты адам өтті", - деді "Алматы аруы – 2020" байқауын ұйымдастыру комитетінің жетекшісі Совет Сейітов.
"Алматы аруы-2020" байқауының гранд-финалына Юлия Беркович, Салтанат Нұрпейісова, Әсият Исембаева, Александра Розанова, Валерия Сорокотяга, Амира Ысқақ қатысты.
Қазылар алқасының жарты сағат талқылауынан кейін 20 жастағы Әсият Исембаева жеңімпаз атанды. Жеңімпазға тәжді "Алматы аруы – 2019" атанған Диана Әбішева табыстады.
"Байқауға қатысқаныма өте қуаныштымын, мұнда көптеген жаңа дос таптым. Мол тәжірибе жинадым. Өзімді жақсы қырымнан көрсете алатыныма сендім. Бізде барлық қыз өте әдемі әрі талантты, сондықтан соңына дейін кімнің жеңіске жететінін білмедім", - деді Әсият.
Ал онлайн режимде финалистерге дауыс бере алатын интернет қолданушылары қазылар алқасының пікірімен келіспеді. Олар Александра Розанованы жеңімпаз деп таныды. Ол "Халық таңдауы" номинациясын алды.
Сонымен қатар гранд-финалға шыққандардың барлығына "Алматы вице-аруы – 2020" атағы берілді, ал олардың төртеуі "Қазақстан аруы" сұлулық байқауына қатыса алады.