НҰР-СҰЛТАН, 5 желтоқсан – Sputnik. Ақмола облысы Бурабай елді мекеніндегі пәтерлердің бірінде төрт әйелдің мәйіті табылды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Ақмола облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі оқиға 5 желтоқсанда болғанын айтты.
"Сағат 00:00-де Бурабай аудандық полиция бөлімшесінің кезекші бөліміне Бурабай тұрғыны қоңырау шалды. Ол көпқабатты үй пәтерлерінің бірінде төрт әйелді өлтіргенін айтқан. Жедел-тергеу тобы оқиға орнына барып, зорлық-зомбылық белгілері бар төрт әйелдің денесін тапты", - деп хабарлады полицияда.
28 жастағы тұрғын бұған дейін ұрлық жасағаны үшін бірнеше рет сотталған. Оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр.
Қылмыстық кодекстің 99-бабына сәйкес ("Адам өлтіру") сотқа дейінгі тергеу басталды. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды.