АЛМАТЫ, 3 желтоқсан – Sputnik. Sputnik Қазақстан тілшісі Ольга Тонконог-Дәрібаева тәуелсіздік күніне орай Алматы әкімдігі ұйымдастырған байқауда "Үздік деректі материал" номинациясы бойынша жеңіске жетті.
Алматы әкімдігі тәуелсіздік күніне орай БАҚ қызметкерлері мен блогерлер арасында мегаполисті дамыту тақырыбында конкурс өткізді. 2020 жылдың басынан бастап шыққан материалдар қазақ және орыс тілінде қабылданды.
Жеңімпаздар келесі номинациялар бойынша екі тілде жеке-жеке анықталды:
- "Үздік сюжет";
- "Үздік сұхбат";
- "Үздік деректі материал";
- "Үздік визуалды өнім";
- "Әлеуметтік желілердегі үздік жарияланым";
- "Үздік аналитикалық мақала";
- "Үздік фоторепортаж";
- "Үздік жаңалықтар материалы";
- "Үздік бейнематериал";
- арнайы номинация – "қаланың COVID-19-ға қарсы күресі туралы үздік материал".
Қала әкімдігінің хабарлауынша, байқауға 100-ден аса материал келіп түскен.
Байқауға қатысқан жұмыстарды журналистика мен медиа саласындағы сарапшылардан құралған тәуелсіз комиссия бағалады. Үздік еңбектердің 22 авторы марапатталды. Жеңімпаздарға бағалы сыйлықтар мен мақтау қағазы берілді.
Жеңімпаздардың арасында Sputnik Қазақстан халықаралық ақпарат агенттігінің тілшісі Ольга Тонконог-Дәрібаева да бар. Оның "Соғыс жылдарында "Голливуд Қытай шекарасында" қалай өмір сүрді" ("Все звезды кино в Алма-Ате. Как жил "Голливуд на границе Китая" в военные годы") тақырыбындағы материалы орыс тіліндегі ең үздік деректі материал ретінде танылды.
"Мен журналистикада 10 жылдан астам уақыттан бері жұмыс істеп жатырмын, алайда күн сайын жаңа дүниені үйреніп келемін. Биыл кәсіби шеберлігім біршама шыңдалды. Соған қарамастан менің қаламымнан туған дүние оқырманға ұнап жатқанын естісем, таңғаламын. Бұл байқауға мен бірнеше мақала жібердім. Соның ішінде Ұлы Отан соғысы жылдарында киноны қалай түсіргені туралы материал үздік деп танылыпты", – дейді Ольга Тонконог.
Марапаттау рәсімі оқушылар сарайында барлық карантиндік шара мен әлеуметтік арақашықтық сақтала отырып өтті.
Сондай-ақ, байқаудың лауреаттары арасында Informburo.kz, Nur.kz, Zakon.kz, "Время" газеті, InAlmaty.kz,", " Хабар" "Егемен Қазақстан" басылымдарының журналистері бар.