НҰР-СҰЛТАН, 2 желтоқсан – Sputnik. Мониторингтік топтардың басшылары кәсіпкерлерді ірі айыппұлмен қорқытып, тұрақты "алым-салық" жинайды деген ақпарат бар. Олардың бір айлық табысы 100 миллионға жетуі мүмкін. Бұл туралы мәжіліс депутаты Азат Перуашев мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Бұған дейін "Ақ жол" фракциясы премьер-министрдің атына депутаттық сауал жолдап, орта және шағын бизнесті тексеріп жүрген мониторингтік топтар жұмысын реттеуді талап еткен болатын. Себебі заңсыз қысым жасау фактілері жиілеп кеткен.
"Біздің сауалымыздан кейін осы мәселеге қатысты арыз-шағымдар көбейіп кетті. Өңірлерден хабарласып жатқан кәсіпкерлер мониторингтік топтарға қатысты тағы бір мәселе туралы айтты. Олар шенеуніктердің туған-туыстары ұстап отырған мейрамханалар мен клубтарды айналып өтеді екен, еш тексермейді. Осы санаттағы орындар карантин басталғалы тәулік бойы істейді-міс", - деді Перуашев мәжілістің жалпы отырысында.
Оның айтуынша, мониторингтік топтардың басшылары ірі айыппұлмен қорқытып, тұрақты "алым-салық" та жинайды деген ақпарат бар. Тіпті, 50 мың теңге көлемінде апталық тариф енгізілген.
"Бүгінде ірі қалалар мен облыс орталықтарында, шамамен, 1-2 мың қоғамдық тамақтану орны мен басқа да қызмет көрсету нысандарының бар екенін ескерсек, әрбір қалада тексерушілердің "рентасы" бір айда 100 миллион теңгеден асуы мүмкін. Бұның барлығын онсыз да қиын жағдайға тап болған орта және шағын бизнес көтеруге мәжбүр. Ал "алым-салықты" төлеуден бас тартқан кәсіпкерлерге айыппұл салынып, БАҚ қатысуымен демонстрациялық тексеріс жасалады", - деп атап көрсетті Перуашев.
Осы орайда депутат мониторингтік топтарды құру тәртібі мен өкілеттілігі заңмен реттелмегенін тағы бір мәрте еске салды. Мәселен, Кәсіпкерлер кодексі бойынша тексерісті осы салаға жауапты мамандар жүргізуі тиіс.
"Алматыда санитарлық эпидемиологиялық қызмет мамандарына мониторингтік топ жұмысына қатысуға тыйым салынған. Демек, барлық тексеріс заңсыз жүргізіледі. Біз тәртіп бұзатындарды қорғап отырған жоқпыз. Заңды сақтауды ғана талап етеміз. Себебі пара беру арқылы тексерістен құтылған орындар қауіпсіздік шараларын сақтамай, жұмыс істейді. Сөйтіп, инфекцияны тарату ошағы болып қала береді. Ондайда мониторингтің нәтижесі де болмайды", - дейді Перуашев.
"Ақ жол" фракциясының депутаттары мониторингтік топтардың жұмысын сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі бақылауға алуы қажет деп санайды. Ал айыппұлдардың көлемін екі есе төмендету керек. Сонда пара бергеннен гөрі айыппұл төлей салу жеңіл болады.