Қоғам

Бүгін – Тұңғыш Президент күні

© AP Photo / Alastair GrantНұрсұлтан Назарбаев
Нұрсұлтан Назарбаев - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күні 2012 жылдың бірінші желтоқсанынан бері аталып өтеді

НҰР-СҰЛТАН, 1 желтоқсан – Sputnik. Қазақстандықтар бүгін Тұңғыш Президент күнін атап өтіп жатыр.

2011 жылдың 10 желтоқсанында парламенттің жалпы отырысында "Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы" заңға енгізілген өзгеріс қабылданды. Заң 1 желтоқсанда аталып өтетін – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күнін белгілеген еді.

Осылайша 2012 жылдың 1 желтоқсанынан бері бұл күн мемлекеттік мереке деңгейінде тойланып келеді.

"Тәуелсіздіктің қайнар көзі 1991 жылы 1 желтоқсанда еліміз алғаш рет бүкілхалықтық сайлау нәтижесінде өзінің тұңғыш президентін сайлап алғаннан басталған болатын. Сондықтан да, бүгін Қазақстан Республикасы өзінің Тұңғыш президентін сайлаған күн - мемлекеттік мереке күні болып бекітілді", - деген еді заң жобасын қабылдау барысында сол кездегі сенат спикері Қайрат Мәми.

Алғашқы жалпыхалықтық сайлауда Нұрсұлтан Назарбаев тұңғыш президент болып сайланды. Сайлауға қатысқан дауыс беруге құқығы бар ел азаматтарының 98,78 пайызы Елбасыны жақтап дауыс берді.

Тұңғыш Президент күні мемлекеттік мереке болғандықтан, бұл күні қазақстандықтар демалады.

Бүгін республикалық телеарналардан Елбасының өмірі мен қызметіне арналған деректі фильмдер көрсетіледі.

Назарбаевтың отставкасы

Мемлекетті отыз жыл басқарған Назарбаев 2019 жылдың 19 наурызында президент ретінде өкілеттігін тоқтатты.

Десе де, ол Қазақстанның тұңғыш президенті – Елбасы мәртебесіне ие, бұған қоса елеулі өкілеттігі бар Қауіпсіздік кеңесін өмір бойы басқару құқығы берілген.

Сонымен қатар, "Nur Otan" партиясының төрағасы, Конституциялық кеңестің мүшесі, Қазақстан халқы Ассамблеясының төрағасы.

Елбасының есімін мәңгі есте қалдыру үшін ел астанасының атауы Нұр-Сұлтан деп өзгертілді.

Жаңалықтар
0