Дерекқор

"ХХ ғасыр Гомері" деген бағаға ие болған Жамбыл Жабаев жайлы қызықты деректер

© SputnikЖамбыл Жабаев
Жамбыл Жабаев - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Жыр алыбы, ақын, суырыпсалма ақын, қазақ халқының ұлы перзенті Жамбыл Жабаев туралы деректерді Sputnik Қазақстан дерекқорынан оқыңыз

Жамбыл Жабаев 1846 жылы 28 ақпанында Жамбыл облысындағы Жамбыл тауының етегінде дүниеге келген. Ұлы жүздің шапырашты тайпасының екей руынан шыққан. Арғы аталары дәулетті болғанымен, Жамбылдың әкесі Жапа шаруа кісі болған. Кей тарихи деректе жыр алыбының әкесі туралы шоқпыт шапанды кедей болған деген сипаттама кездеседі.

"Қақаған қар аралас соғып боран,
Ел үрей - көк найзалы жау торыған.
Байғара, Жамбыл, Ханда мен туыппын,
Жамбыл деп қойылыпты атым содан", - дейді Жамбыл ақын.

"Мен киіз үйде өстім. Сол кездегі барлық қазақ балаларындай мені де көшкен кезде бесінмен ала жүрді", дейді ақынның өзі балалық шағы жайлы. Соған қарағанда ақын бала күнінде қоңырқай тірлік кешкен.

Жамбылдың туған нағашысы Жетісу өңіріне танымал әнші болған.

"Жетісудың даңқы асқан биі Бөлтірік Алатаудың баурайындағы ағайынды аралап келген екен. Сонда үлкен сөз өнері ортаға түсіп жатқанда даладан бір бала жүгіріп келген екен. Бірден барып Бөлтіріктің қолын алыпты. Сонда Бөлтірік баланың қолын ұстап тұрып, "атың кім, балам?" депті. "Атым - Жамбыл" деп жауап берген екен. "Атың Жамбыл болса, көкірегің даңғыл болар. Шырғалаңнан сөз келсе, шырқаушының өзі болар екенсің" деген екен", - дейді қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбеков.

Жамбылдың ақындық дарыны жас кезінен-ақ таныла бастаған. Бозбала шағынан ортасын ән мен жырға кенелтіп, көршілес қырғыз еліне де даңқы жайылған. Сол кезде көпшіліктің аузынан түспей жүрген Жамбыл Жетісудың дүлдүл ақыны Сүйінбайға жолығып, оның батасын алады.

Жамбыл "Шағым", "Жылқышы", "Шәбденге", "Сәт сайланарда", "Өстепкеде", "Патша әмірі тарылды", "Зілді бұйрық" сияқты өлеңінде елдің әлеуметтік саяси өмірін көрсеткен.

Жамбыл Жабаев шығармашылығының шарықтау шегі тоқсан жастан асқан шағына тура келеді. 1936 жылы Мәскеуде өткен Қазақстанның онкүндігінде шымылдығын Жамбыл ашты. 360 өнерпаз барған бұл мәдениет күндерінде жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың, әнші Күләш Байсейітованың абыройы асқақтады. Жамбыл сол жылы Еңбек Қызыл ту орденімен марапатталды.

"1936 жылдан бастап Жамбылдың аты орыс тілі арқасында шетелге де тарала бастады. Кеңес үкіметі сол кезде 75 жылдық шығармашылық тойын тойламақ болады. Соның қарсаңында үй салып береді", - дейді Жамбыл Жабаев әдеби-мемориалдық мұражай директоры Мәулен Қожашев.

Жамбылдың шығармалары әлемнің ондаған тіліне аударылып дүние жүзіне тарады. Жамбыл көзінің тірісінде КСРО мемлекеттік сыйлығының лауреаты атанған.

Ақынның "Өтеген батыр", "Сұраншы батыр", "Көрұғлы", "Бақ, дәулет, ақыл" деген дастандары бар.

ХХ ғасыр Гомері

Бірде Жамбылдың ел арасында оның ақындық қабілетіне күмән келтіргісі келетіндер де табылған. Сонда орталық комитет жазушы Леонид Соболевті жағдайдың анық-қанығын білуге Ұзынағашқа жіберген. Жамбылдың жыршылығына таңқалған жазушы үш күн қасында болып, "жиырмасыншы ғасырдың Гомері" деп баға берген.

Жамбыл саналы ғұмырында Құлманбет, Досмағамбет, Сарыбас, Майкөт, Бақтыбай, Бөлтірік, Шашубай ақындармен айтысқан. Соның ішінде Айкүміспен айтысы қыз бен жігіт айтысының жақсы бір көрінісі. Жас күнінде Жамбыл ақын Сара, Айкүміс, Сайқал, Кәмшат қыздармен айтысқан.

Жыр алыбы Жамбыл күйші Дина Нұрпейісовамен де жақын таныс болған. 1936 жылы танысып, таныстық соңы жақсы сыйластыққа ұласқан деген дерек бар.

Ақынның отты жырлары

Ақынның соғыс жылдары отан қорғау тақырыбына арнап жазған өлеңдері үш мың жолды құрайды. Әсіресе, "Ленинградтық өренім", "Москваға", "Майданға хат" сынды өлеңдері бар. Жамбыл ақын өмір мен өлім апралысына түскен Кеңес жауынгерлеріне отты жырлары арқылы жігер беруге тырысты.

Жамбылдың ұлы Алғадай жат елде оққа ұшқан болатын. Ұлының қазасынан кейін "Жамбылдың Алғадайды жоқтауы" деген өлеңі шықты. Кей дерекке сәйкес, Алғадайдан ұрпақ тарап, бүгінде бүтін бір отбасы болып отыр.

Жамбыл өзінің алдындағы аға буын өкілі Сүйінбай ақынды өзіне пір тұтқан. Ал Кенен Әзірбаев Жамбыл Жабаевты тәлімгері деп таныған.

Жамбыл 1945 жылы 22 маусымда Алматы облысының Ұзынағаш елді мекенінде 99 жасында дүниеден өтті.

1946 жылы ақпанда Қазақстан халқы жыр алыбының жүз жылдық мерейтойын тойлады. Сол жылы ақынның таңдамалы шығармаларының академиялық жинағы қазақ және орыс тілінде басылды.

Жаңалықтар
0