Қоғам

"Құқығымыз тапталып жатыр": министрлік наразылық білдірген оқушыға жауап берді

© Sputnik / Владислав ВодневРебенок с планшетом, дистанционное обучение
Ребенок с планшетом, дистанционное обучение - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Қазіргі уақытта дәстүрлі білім беру форматына толыққанды көшу мәселесі қарастырылып жатқан жоқ, дейді санитар дәрігерлер

НҰР-СҰЛТАН, 28 қараша— Sputnik. Денсаулық сақтау министрлігінің санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитеті дәстүрлі оқу форматын қайтаруды сұраған оқушыға жауап берді.

Видеода Ералы есімді оқушы мектептерді ашуды сұрайды, оның айтуынша, сауда орталықтары, дәмханалар мен базарлар жұмыс істеп тұр.

"Қашан мектепке барамыз? Біз бір жылға жуық онлайн оқып жатырмыз. Неге біз адам секілді оқи алмаймыз? Коронавирустың шарықтау шегі өтті. Неге барахолкалар істеп тұр, ал мектептер жабық? Сауда орталықтары істеп тұр, ал мектептер жабық? Киім-кешек білімнен маңызды ма? Конституция бойынша біздің талапқа сай білім алуға толық құқығымыз бар. Неге біздің құқығымыз тапталып жатыр?", - деп сұрайды оқушы.

"Қымбатты Ералы! Еліміздегі балалардың білімге деген мұндай құштарлығы құптарлық, әрине. Бірақ білім берудің қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша қолға алынып жатқан қазіргі іс-шаралардың қажеттілігін түсіну керек. Бала – басты байлығымыз, сондықтан олардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіруге құқығымыз жоқ", - делінген комитеттің жауабында.

Коронавирус жұқтырған балалардың тыныс алу жолдарында ересек адамдармен салыстырғанда вирус деңгейі жоғары, деді комитеттегілер зерттеуге сілтеме жасай отырып.

"Бұл, өз кезегінде, басқа адамға жұқтыру деңгейіне әсер етеді. Егер біздің еліміздегі дәстүрлі отбасы дегеніміз бала, ата-ана, ата-әже екенін ескерсек, аурудың қаупі сұрақ туындатпайды", - дейді олар.

Эпидемиологиялық жағдай тұрақты өңірлерде қуаты 300 оқушыға дейінгі мектептер екінші тоқсанда дәстүрлі оқу форматына көшті. Сонымен қатар ата-аналардың өтініші бойынша кезекші 1-5 сыныптар істеп тұр.

"Дегенмен мониторингілеу топтары тексеріс барысында апта сайын санитарлық-гигиеналық талаптардың бұзылуын анықтап жатыр. Бұдан бөлек, қашықтан оқып жатқан оқушылармен салыстырғанда кезекші сыныптарда оқып жатқандар ішінде коронавируске шалдыққандар саны әлдеқайда жоғары", - деп мәлім етті санитарлық дәрігерлер.

Мектептерде жұмыс істейтін 338 мың мұғалімнің 27%-ке жуығы зейнеткерлер және зейнет жасына таяп қалған адамдар.

"Осының бәрін ескере отырып, қазіргі уақытта дәстүрлі форматқа толыққанды көшу мәселесін қарастыра алмаймыз. Елдегі эпидемиологиялық жағдайға байланысты карантиндік шаралар біртіндеп жеңілдетіледі", - деп түйіндеді комитеттегілер.

Оқи отырыңыз: Қазақстанда коронавирусқа қатысты соңғы мәлімет жарияланды

Жаңалықтар
0