НҰР-СҰЛТАН, 28 қараша – Sputnik. "Qazaqstan" арнасында Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаев Түркістан қаласын неліктен облыс орталығы етуге шешім қабылдағаны жайлы деректі фильм көрсетіледі.
"1 желтоқсан сағат 20:00-де "Qazaqstan" арнасында "Түркістан: көне мен келешек көпірі" деректі фильмі шығады. Елбасы облыс орталығын Түркістанға көшіру жөніндегі тарихи шешімнің түпкі мән-мазмұнын ашып, қаланың туристік әлеуеті мен халықаралық беделі, келешек жоспары туралы айтып береді", - деп жазды Назарбаевтың баспасөз хатшысы Айдос Үкібай.
Нұрсұлтан Назарбаев фильмде Түркістанды көтеру қазақ халқы үшін өте маңызды екенін атап өткен.
"Түркістанды салған кезде астананың құрылысы көз алдымда тұрды. Қаланың тұрған жері қаймағы бұзылмаған қалың жұрттың ортасы. Тәуелсіздігімізді алып, қала салу ата-бабамыздың арманын орындаумен бірдей", - дейді Қазақстанның тұңғыш президенті.
Оның пікірінше, Түркістанды тарихымызды паш ететін орталық ретінде қалдыру керек.
"Тарихи ғимараттың барлығын сақтауымыз керек", - деп түйіндеді Елбасы.
Оқи отырыңыз: Нұрсұлтан Назарбаев Елбасы ретіндегі миссиясын атады
1500 жылдық тарихы бар Түркістан қаласы 2018 жылдың маусым айында облыс орталығы болды. Сол кездегі Қазақстан президентінің жарлығымен Шымкент республикалық маңызы бар қала мәртебесіне ие болды. Оңтүстік Қазақстан облысы Түркістан облысы болып өзгертілді.
Назарбаев отандық миллионерлерді Түркістанда өз қаражатына бір-бір әлеуметтік нысаннан салуға міндеттеді.