Қоғам

Ағылшын саяхатшысын таңғалдырған жер: депутат Қапал ауылының жағдайына алаңдады

© Photo : Пресс-служба сената парламента КазахстанаПленарное заседание сената
Пленарное заседание сената  - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Жұмағұлов жуырда Қапал, Ақсу елді мекендерінде болып қайтқанын айтты. Тұрғындармен кездесуде халық қасиетті Қапалдың жағдайын үкіметке жеткізуді өтінген

НҰР-СҰЛТАН, 26 қараша – Sputnik. Сенат депутаттары Ұлы Жібек жолының бойында орналасқан өшпес тарихы бар Қапал ауылының қазіргі жағдайына алаңдап, оны үкіметтің қорғауындағы нысандар қатарына қосуды ұсынды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Сенатор Бақытжан Жұмағұловтың айтуынша, 1847 жылы бекініс ретінде, Ресей империясының мүддесіне сай бой көтерген елді мекеннің тарихын тану, оны ХІХ ғасырдағы сәулет өнерінің мәдени  ескерткіші ретінде ұрпақтан ұрпаққа қалдырудың рухани мәні зор.

"Бұл өлке сонау Түркі дәуірінен, Қимақ мемлекеті тұсынан бері танымал, белгілі тарихи жер. Қапал – ұлтымыздың ұлы тұлғасы Шоқан Уәлихановтың, Петр Семенов-Тяньшанскийдің ізі қалған жер. Қапал – ағылшын саяхатшысы Томас Аткинсонды таңғалдырған жер. Қапал – жоңғар шапқыншыларымен шайқаста ту көтерген Қапал батыр жатқан жер. Бұл туралы Уәлихановтың "Жоңғария очерктерінде" жазылған", - деді ол үкімет басшысына жолдаған депутаттық сауалында. 

Жұмағұлов жуырда Қапал, Ақсу елді мекендерінде болып қайтқанын айтты. Тұрғындармен кездесуде халық қасиетті Қапалдың жағдайын үкіметке жеткізуді өтінген. 

"Сан ғасырлық тарихы бар Қапал ауылының бүгінгі жағдайы кімді болса да алаңдатпай қоймайды. XIX ғасырдың ескерткіші болып саналатын қос қабатты үйлердің бет жағы ғана аман қалған. Ескі екі мешіт үйі де қараусыз қалып, құлаған. Көп үйлердің ағаштарын жергілікті тұрғындар бұзып алып, қора-қопсы салып алғаны да жасырын емес. Ауылдың рухани орталығы болған Қапалдағы ақын Сара мен Фатима Ғабитованың музей үйлерінің де ізі жоқ. Ондағы құнды экспонаттар да жоғалған", - деп қапаланды сенатор.

Депутаттың пікірінше, атақты Жібек жолының бір бекеті, Қапал ауылы қай жағынан алсаң да Жетісудың туристік мекеніне айнала алады. Ол Қапалдағы тарихи ескерткіштердің қорғалмай, ескерусіз қалатынына алаңдады. 
Осыған байланысты сенат депутаттары сәулетшілер, тарихшылар, әдебиетшілер, этнографтардан тұратын арнайы комиссия құрып, Қапал ауылының мәдени-тарихи ескерткіштерін қорғау үшін тиісті шаралар қабылдауды, оларды үкіметтің қорғауындағы объектілер қатарына қосуды ұсынды.

Жаңалықтар
0