АЛМАТЫ, 26 қараша – Sputnik. Батыс Қазақстан облысында Қазтал аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері үйде босанып, нәрестеден құтылу үшін оны көше дәретханасының шұңқырына тастап жіберген қыздың кім екенін анықтады.
Полицияның хабарлауынша, оқиға Жаңажол ауылында 23 қарашада болды.
Жергілікті тұрғындардың құқық қорғау органдарына хабарлаған мәліметіне сәйкес, өңірдегі колледждердің бірінде оқитын 19 жастағы қыз босанып, оны пакетке орап, көше дәретханасының шұңқырына лақтырып кеткен, деп жазды өңірлік "Мой Город" басылымы.
Батыс Қазақстан облысы денсаулық сақтау басқармасы қыздың тірі сәбиді дүниеге әкелгенін растады.
"Медициналық сараптаманың қорытындысы бойынша жаңа туған нәресте суықтан қайтыс болған. Ал қыздың өзі қазір ауруханада жатыр, онымен психологтар жұмыс істеуде", - деп хабарлады ведомствоның баспасөз қызметі.
Батыс Қазақстан облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі Қазақстан Қылмыстық кодексінің 100-бабы ("Жас баланы анасының өлтіруі") бойынша қылмыстық іс қозғады.
Тергеу нәтижелеріне байланысты қыз төрт жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.