АЛМАТЫ, 26 қараша – Sputnik. Алматыда үйлердің кіреберісін зарарсыздандыратын мамандар екі аптадан бері атқарылған жұмыстың ақысын алмағанын айтып шағымданды. Олардың айтуынша, басшылық әрбір адамға кемінде 50 мың теңгеден қарыз. Пәтер иелерінің кооперативі атқарылған жұмыс туралы актілерді қабылдамаған.
Бұған дейін олар күн сайын бес мың теңгеден алып жүрген. Ал қазір қаланың коммуналдық қызметі атқарылған жұмыс туралы актілерді қабылдауды тоқтатқан, деп хабарлады КТК телеарнасы.
"Қазірдің өзінде біз инфекция ошағын дезинфекциялауды тоқтатқан жоқпыз. Өйткені жауапкершілік бар екенін түсінеміз. Бізде шамамен 100 үй бар. Қызметкерлер орта есеппен жұмысты кешкі сағат 10-да аяқтайды. Тұрғын үй-коммуналдық қызмет біздің жағдайымызды түсініп отырған жоқ. Қызметкерлер актілерді алып аязда жүреді, қағазды басып шығарады. Ал олар бізге актілерді қайтарып жібереді. "Жұмысты аяғына дейін істеу керек" деп айтады", - дейді дезинфекция жөніндегі менеджер Бабек Жұмақаев.
Жұмыс тобын әртүрлі нысанға тасымалдайтын жүргізушілер дизель отынын сатып алуға ақша жоқ екенін айтты. Оны мердігер ұйым төлеуі қажет. Алайда 10 күннен бері ер адам өз ақшасына жанармай құйып келеді. Айтуынша, оған шамамен 200 мың теңге қарыз.
"Күніне жанармайға шамамен алты мың теңге кетеді, тамақ бар, күніне маған 10 мың теңге керек. Бұл фирма. Оларға әкімдік ақша бермей отыр. Жазда бұлай қиын болған жоқ, себебі көліктің басым бөлігі дизель отынымен жүреді. Қазір ол қатып қалады. Таңертең көлік оталуы үшін оған түрлі қоспа қосамыз. Қыста шығын көп болады", - деді жүргізуші Сабыр Нұрматов.
Сонымен қатар мердігер ұйым дезинфекция жасаушылардың қаладағы сегіз ауданның бесеуінде жұмыс істейтінін айтты. Ал жұмыстың сапасын коммуналдық қызмет тексереді. Есеп әкімдікке жіберіледі. Сол себепті шенеуніктер тексергеннен кейін ғана ақша шотқа жіберіледі.
"Шамамен өткен екі аптада ақша төлеген жоқпыз. Қомақты сомаға толтырылған актілер жатыр. Бұл шамамен 200 миллион теңге. Біз төлем жасауға актілерді тапсырдық. Ішкі процестерге байланысты төлем жасалмады", - деді "Қала жарығы" ЖШС директоры Мейіржан Тоқтарақын.
Ал әкімдіктің айтуынша, бұл актілер тез тексеріледі, ақшаны да уақытында төлеуге дайын. Алайда тек сапалы атқарылған жұмыс үшін төлейтінін айтты. Көптеген қала тұрғыны кіреберіс пен көшелердегі тазарту жұмыстарына көңілі толмайды.
"Тұрғындар пәтер иелері коперативіне хабарласып, жұмыстың сапасыз жүргізілгенін айтатын жағдайлар кездеседі. Мұндай сәтте біз оларда қайтадан жібереміз. Біздің тарапымыздан орындалған жұмыстардың актілеріне қатысты мәселе жоқ, тексереміз, әрі қарай жұмысқа кетеді. Мердігер ұйым кешіктіретін сәттер де кездеседі. Яғни, олар бізге орындалған жұмыстардың актісін кеш әкеледі", - деп атап өтті Тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Жандос Қайырханов.
Оның айтуынша, атқарылған жұмыстар үшін ақша екі күн бұрын аударылған. Мердігерлер дезинфекция туралы барлық есепті ұсынғаннан кейін тағы да ақша жіберіледі. Егер мәселе шешілмесе, дезинфекция жасаушылар еңбек инспекциясына жүгінеді.