Видео

Ресейлік музыканттар қазақтың танымал күйін халық аспаптарымен орындады

Жазылу
"Березка" хореографиялық ансамблі оркестрінің әртістері қазақтың әйгілі "Әлқисса" күйін орыс халық аспаптарымен орындап шықты

Қазақ композиторы Нұрғиса Тілендиевтің аңызға айналған күйіне жаңа интерпретация жазу оркестр әртісі Светлана Закунованың идеясы болып шықты. Ол қазақстандық әнші Димаш Құдайбергеннің Мәскеуге келуіне орайластырылды, деп хабарлады Dimash News сайты.

Светлана Закунова "Әлқиссаны" алғаш рет "Бастау" концертінің жазбасын көріп отырып, Димаштың және басқа музыканттардың орындауында тыңдаған. Оған күйдің ерекше әдемі үні ұнаған. Оның айтуынша, туынды орыс халық аспаптары – балалайка және домрамен жақсы үйлеседі.

Оқи отырыңыз: Димашты Нью-Йорк әуежайында атақты америкалық спортшы қарсы алды 

Светлананың ойын "Березка" мемлекеттік академиялық хореографиялық ансамблінің оркестріндегі әріптестері бірауыздан қолдаған.    

"Бәріміз жиналып, композицияны тыңдадық, оны аспаптар арасында партияларға бөлдік. Өз бетімізше толықтырдық. Дайындықтан кейін ойлаған нәтижеге қол жеткізіп, жазып шықтық", - деп атап өтті Светлана Закунова.

"Березка" оркестрі 1959 жылдың басында кеңестік балетмейстер әрі хореограф Надежда Надеждиннің бастамасымен құрылды.  

Жаңалықтар
0