Видео

Жеті қазынаның бірі: тазы тұқымын сақтап қалу үшін не істеу керек – видео

Жазылу
Тазы – жазық далада аң аулауға арналған ит тұқымы. Ол Қазақстанда жеті қазынаның бірі ретінде танылғанымен, халықаралық деңгейде тіркелмеген

Тазы тұқымын сақтап, санын көбейтуді негізінен ынталы топ өкілдері жүзеге асыруда.

Ақылды, таза әрі төзімді тазы иттерін қазақтар ежелден жоғары бағалаған. Олар Азия көшпенділерінің тұрмыс жағдайына жақсы бейімделген.

Тазы – әмбебап ит тұқымы. Олар аңды өзі тауып, өзі ұстайды. Мысалы, орыс иттері бірге жұмыс істейді. Бірі аңды тауып, ашық алаңға шығарса, екіншісі бас салады. Ал тазылар бұл екі қызметті өзі атқарады.

Өткен ғасырдың соңында тазының саны едәуір азайып кетті. Бүгінде ұлттық тұқымды жаңғырту мен сақтау ынталы топ өкілдерінің мойнына түсті, деп әңгімеледі Sputnik Қазақстанға "Қансонар" республикалық қауымдастығының бас кинологы Инна Назаренко.

Ол қазіргі кезде Қазақстанда қанша тазы бар екенін есептеу мүмкін емес екенін айтады. Өйткені, оларды тіркеу ерікті түрде жүргізіледі.

2004 жылы жануарлар әлемін қорғау, өсімін молайту және пайдалану туралы заңға аңшы иттердің ұлттық тұқымы ұғымы енгізілді. Ол санатқа тазы мен төбет кірді.

"Одан кейінгі жылдары бұл мәселеге қатысты ешқандай нормативтік-құқықтық актілер болмады. Иттердің осы тұқымдарға жататынын анықтауға мүмкіндік беретін белгілі бір стандарттар болған жоқ", – дейді Назаренко.

"Қансонар" қауымдастығы тазы мен төбеттерді сақтау саласында 2014 жылдан бастап жұмыс істейді. Республика бойынша асыл тұқымды иттердің көрмесін ұйымдастырып, дөңгелек үстелдер мен түрлі іс шаралар өткізеді.

"Қансонар" қауымдастығы Қазақстанда ұлттық ит тұқымдарын бірыңғай тіркеу жүйесін іске асыруда. 2014 жылмен қазіргі жағдайды салыстырғанда, ахуал жақсарды. Бүгінгі таңда 1 500 тазы тіркелген. Бұл иттердің сыртқы тұрпатына қарап тіркелгендері ғана. Біз ит иелерін мәжбүрлеп тіркете алмаймыз. Сондықтан да "Қансонар" республикалық қауымдастығы ұлттық ит тұқымдарын тіркеуге мәжбүрлейтін талапты заңға енгізуді ұсынады. Бүгінде бұл өзгертулер заңға енгізілмеді, тек үнемі қаралып келеді", – дейді Назаренко.

Тазы халықаралық деңгейде мойындала ма

Кинологтың атап өтуінше, тазы тұқымын халықаралық деңгейде мойындату үшін генетикалық таза иттер керек.

"Біріншіден, тазы санын көбейту үшін ең алдымен оның тұқымының генетикалық тазалығын қамтамасыз ету керек. Әрине, оның сыртқы тұрпаты мен қабілет-қарымы да зор маңызға ие. Осы жағдайлар іске асқан кезде ғана халықаралық деңгейде мойындалатын боламыз", – дейді ол.

Осылай деген Назаренко тазы иелерін иттерді тіркеуден өткізіп, оларды басқа тұқымдармен будандастырмауға шақырады.

Ресми спорт түрі

Қазақстанда ұлттық тұқымды иттерді сақтау мен олардың санын көбейту үшін тазы және төбетпен аң аулауды, яғни "Итбегілікті" ресми спорт түрі ретінде тіркеу жоспарланып отыр (муляж пайдаланылатын болады).

"Аң аулау маусымы күзде басталады. Тамыз, қыркүйек айында оларды дайындай бастаймыз. Аң аулау маусымы басталған уақытта иттерді қоян, борсық пен өзге де жабайы аңдарға саламыз. Біздің ұйым тазыны өсіруден басқа, "Итбегілікті" дамытуға, оны ресми спорт түрі ретінде танытуға күш салып жатырмыз. Биылдан бастап мәдениет және спорт министрлігі осы іске атсалысуда", – дейді "Асыл қазына" федерациясының жетекшісі Алмас Құрманбекұлы.

Сондай-ақ, Назаренко көптеген тазы иелерінің ресми түрде аңшы емес екенін де атап өтті.

"Көп адамның қолында аң аулауға рұқсат беретін билет жоқ. Сондықтан тазы ұстайтын жігіттер аң аулайтын аумаққа еркін кіре алмайды. Бәрі заңға сәйкес болып, итпен аң аулау үшін ресми аңшы ретінде тіркелу керек екенін қадап айтқым келеді", – дейді кинолог.

Оқи отырыңыз: Ақтау маңындағы көлге қоқиқаз қонды – видео

Айта кетейік, бұған дейін мәдениет министрлігі федерацияға аккредитация беру мәселесін жыл соңына дейін шешуді жоспарлап отырғанын хабарлаған. Ресми түрде тіркеуден өту итбегіліктің кеңінен таныла түсуіне оң ықпал етеді. Спорт мектептері мен түрлі ұйымдарда секция ашып, жаттықтырушылар мен төрешілердің біліктілігін арттыруға, чемпионаттар мен халықаралық турнирлер өткізуге мүмкіндік береді.

Жаңалықтар
0