НҰР-СҰЛТАН, 24 қараша – Sputnik. Өткен демалыста қазақстандық аңшылар, балықшылар, туристер мен шаруа басында жүрген азаматтар тосын жаңалыққа таң-тамаша болды. Атырау облысының әскери полицейлері оларға бұдан былай әскери киім киюге тыйым салынатынын мәлімдеді. Полицейлердің айтуынша, әскери форманы масқаралауға енді жол берілмейді.
Ал бұл ескертуді елемегендерге жақын уақытта айыппұл салынады. Бұл талап қазақстандықтарды таңғалдырғаны рас. Себебі, олардың арасында ыңғайлы бұл киімді талай жылдан бері тастамай киіп жүргендер бар. Аң мен балық аулау, туристік саяхат, тіпті, бақшадағы жұмыстар үшін де әскери киімнен артық қолайлы киім жоқ. Алайда атыраулық гарнизонның әскери полицейлері қатаң түрде талап қойды: "Әзірге ескертіп жатырмыз. Бірақ алдағы уақытта аяусыз айыппұл саламыз!".
Мұндай шешімге не ықпал еткенін әскерилер түсіндіріп жатпады.
"Әскери киім қарапайым халық арасында үлкен сұранысқа ие. Олар бұл киімді көбіне жұмысқа, үй шаруасын атқарғанда киеді. Ал әскери киім киген азамат қылмыс жасаса, қоғам оны әскери қызметшінің қылмысы ретінде қабылдайды. Бұл қарулы күштер мен әскери қызметшілердің беделіне нұқсан келтіріп жатыр", - деді Атырау әскери полициясының қызметкері Бақтияр Дәуренқұлов "Хабар 24" телеарнасының тілшілеріне.
Әскери киімді құрметтеп, әскери қызметшілердің беделін көтеру дұрыс іс. Бұған ешкім дау келтірмейді. Әскери адам төзімділіктің, батылдықтың және патриотизмнің үлгісі болуы керек. Бірақ Атырау облысының әскери полициясы еш шені жоқ, әскери салаға қатысы жоқ қарапайым азаматтың әскери киіммен жүруіне қандай заңдар мен ережелер негізінде тыйым салынатынын түсіндірмеді.
Оқи отырыңыз: Қазақстандықтарға әскери киім кигені үшін айыппұл салынады
Бұл мәселе өте маңызды. Өйткені, біз құқықтық мемлекетте өмір сүреміз. Сондықтан, кез келген рұқсат немесе тыйымдар заң саласында нақты реттеліп, түсіндірілуі керек. Әйтпесе, ертең спортшылар трико мен олимпийка киюге тыйым салуды талап етсе ше? Спорт киімін киген адамның қылмыс жасамауына кепіл жоқ. Спортшылар бұл беделімізге кері ықпал етеді деп қабылдайды. Сол сияқты саусағынан бал тамған аспаздар үй шаруасындағы қыз-келіншектерге алжапқыш киюге тыйым салуы да ғажап емес.
Атырау облысы әскери полициясының бұл бастамасына қазақстандық танымал заңгер Жангелді Сүлейменов те таңғалды. Оның айтуынша, Қазақстан президентінің жарлығына сәйкес, арнайы киімде азаматтың қандай да бір әскер түріне қатысты екенін анықтайтын погондар мен шеврондар болса ғана ол әскери киім болып есептеледі.
"Погоны жоқ камуфляжды киім – бұл әскери киім емес. Оны киюге рұқсат, ешқандай айыппұл салынбайды", - деді Жангелді Сүлейменов өзінің фейсбук парақшасында.
Заңгердің пікірінше, әскери полицейлердің қағидасына сүйенсек, мұндай тыйым салынатын киімдер қарасы көбейіп кетеді. Себебі, олардың қатарында қара және ақ түсті қолғаптар, қара бәтіңкелер, шәркей мен белдіктер бар.
Қарапайым халықтың әскери киім киюге құқығы бар ма, жоқ па, анықтау үшін интернеттен "Қазақстан Республикасының Қарулы күштері, басқа да әскерлері мен әскери құралымдары әскери қызметшілерінің әскери киім нысаны және айырым белгілері туралы" Қазақстан президентінің 2011 жылғы 25 тамыздағы №144 жарлығын тауып алып, екінші азат жолдағы мәтінге назар аударса жеткілікті. Мұнда "әскери киім нысаны – Қазақстан Республикасының заңнамасымен белгіленген погондары бар нысанды киім (киім-кешек)" деп жазылған.
Сондықтан, атыраулық әскери полицейлердің жоғарыда көрсетілген талабы қаншалықты заңды деген сұрақ туындайды. Оған заң тұрғысында былай жауап беруге болады: Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 675-бабында айырым белгілері және (немесе) әскери форманың нышаны бар киімді заңсыз киіп жүру (пайдалану) жеке тұлғалар үшін бес АЕК – 13 890 теңге (шамамен 32 доллар) мөлшерінде айыппұл салуға, айырым белгілері және (немесе) әскери форманың нышаны бар әскери киімді тәркілеуге әкеп соқтыратыны айтылған.
Sputnik Қазақстан редакциясы Қазақстан қорғаныс министрлігінен Атырау облысы әскери полицейлерінің әрекетіне қатысты және олардың бұл талабы қаншалықты заңды екені жөнінде пікір білдіруді сұрады. Ресми жауап алған бойда оны жариялаймыз.