АЛМАТЫ, 23 қараша – Sputnik. Қазақстандық тарихшы және зерттеуші Ирина Ерофеева өмірден озды. Ғалымның қайтыс болғаны туралы Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры Айболат Көшкімбаев Facebook парақшасында хабарлады. Жазба 22 қарашада жарияланды.
"Бүгін қаралы хабар келді. Көрнекті қазақстандық тарихшы және зерттеуші Ерофеева Ирина Викторовна қайтыс болды. Бүгін ғана оның "Қазақ хандары мен хан әулеті", "Қазақ хандарының шежіресі және қожа" атты еңбектерін оқыған едім. Оның дереккөздерге деген жан-жақты және мұқият көзқарасы болды, мәселенің тарихнамасын немесе өзі жүгінген тақырыпты терең білетін (тіпті ұсақ-түйекке дейін)", - деп жазды Көшкімбаев.
Ол Ерофееваның қазасы қазақстандық ғылым үшін ауыр қаза екенін атап өтті.
Сонымен қатар Ирина Ерофееваның қайтыс болуы туралы ресейлік тарихшы Сергей Абашин де жазды.
"Ол 90-2000 жылдардағы көптеген қиындықтарға қарамастан, нағыз кәсібилікті сақтай алды. XVIII және XIX ғасырлардағы қазақ тарихы бойынша көптеген бастапқы дереккөздермен жұмыс істеді, олардың көпшілігін ашты, жариялады. Ирина Викторовна дереккөздерге сыни көзқараспен қарап, мазмұнын көріп, зерттей алды. Ол үшін бұл дереккөз кейбір идеологиялық тезистерді дәлелдеудің құралы емес, зерттеліп отырған дәуірдің жағдайы мен оқиғаларын қайта құру тәсілі болды", - деп жазды Абашин Facebook парақшасында.
Ирина Ерофеева – Қазақстан тарихы бойынша 300-ден астам еңбектің авторы, оның мақалалары мен монографиялары орыс, қазақ, неміс, қытай және түрік тілдерінде жарық көрген.