Экономика

Тұрымов ОПЕК+ келісімі мұнай өндірісіне қалай әсер еткенін айтты

© AP Photo / Sue OgrockiНефтедобыча
Нефтедобыча - Sputnik Қазақстан
Жазылу
2020 жылы 18 миллион тонна мұнай өндіріледі деп жоспарланған. Алайда ОПЕК+ келісіміне сәйкес, өңірде 16,5 миллион тонна мұнай өндіріледі

АЛМАТЫ, 23 қараша – Sputnik. Маңғыстау облысының әкімі Серікбай Тұрымов орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте өңірде ОПЕК+ келісіміне байланысты мұнай өндіру көлемі 16,5 миллион тоннаға дейін азайғанын айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

"Жыл басында мұнай бағасының құлдырауына байланысты біраз мәселе туындады. Одан кейін пандемияға байланысты мұнай-газ компаниясындағы қызметтерді шектеу, карантиндік шараларды толығымен орындау барысында да біраз қиындық болды. Қазір ОПЕК+ келісімін орындау үшін мұнай көлемін азайтып отырмыз", - дейді Тұрымов.

2020 жылы 18 миллион тонна мұнай өндіріледі деп жоспарланған. Алайда ОПЕК+ келісіміне сәйкес, өңірде 16,5 миллион тонна мұнай өндіріледі. Облыс әкімі соған байланысты бұрғылау жұмыстары, күрделі жөндеу жұмыстары шектелетінін атап өтті.

Оқи отырыңыз: Қазақстанда жыл басынан бері ЖІӨ 2,9%-ке төмендеді 

"Яғни, қызмет көрсететін компаниялардың жұмысы азаяды. Сондықтан мұнай компаниясы басшыларымен бірге қызметкерлердің жұмыс орнын сақтап қалу мақсатында бірнеше рет бірлескен жиын өткіздік", - деп толықтырды облыс басшысы.

Өңірдегі газ мәселесі

Сонымен қатар Тұрымов сұйытылған газ тапшылығына қатысты сауалға жауап берді. Айтуынша, Маңғыстауда Қазақгазөндеу зауытында 14,5 тонна газ өндіріледі. Ал облыстың ішкі сұранысы қыста 17 мың тонна, жазда 18 мың тонна болады.

"Мәселе өзімізде шығатын газдың ішкі сұранысты қамтамасыз ете алмауында болып отыр. Сондықтан энергетика министрлігімен келісе отырып, қалған жетпейтін газды Ақтөбе, Атыраудан қосымша алып отырмыз", - деді облыс әкімі.

Бүгінде өңірде газ тапшылығына байланысты мәселе жоқ. Алайда бағасына байланысты айырмашылық байқалады.

Қазақгазөндеу зауытында шығатын сұйытылған газдың бағасы – 43 мың теңге, Атыраудан келетін газдың бағасы – 68 мың теңге.

Жаңалықтар
0