Еріктілер Тула маңында қаза тапқан қазақстандық жауынгерлердің туыстарын іздейді

© Sputnik / Сергей Мелконов / Медиабанкке өтуКаска солдата времен Великой Отечественной войны
Каска солдата времен Великой Отечественной войны - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Тула облысында Қазақстаннан майданға шақырылған жауынгерлердің сүйектері табылды. Олар 1941 жылы сұрапыл шайқаста мерт болған

НҰР-СҰЛТАН, 23 қараша – Sputnik. Іздеушілер Ресей Федерациясының Тула облысында 1940-жылдары Шығыс Қазақстаннан майданға аттанған дивизияның төрт жауынгерінің сүйегі табылды. Бүгінде олардың екеуінің туыстары анықталды.

Іздеушілер экспедициясы Тула облысының Алексин ауданындағы Горушки ауылының маңында 2016 жылдан 2019 жылға дейін жұмыс істеу нәтижесінде осындай жетістікке жетті, деп хабарлайды YK-news.kz.

Ол жерде 1941 жылдың наурызында Семейде құрылған 238-ші атқыштар дивизиясы қазан-желтоқсан айында қиянкескі шайқас өткізген. 1941 жылдың 17 қазанында жауынгерлер Калугадан Подольскке қарай жылжыған неміс фашисттерін тоқтату үшін Алексин қаласына өту туралы бұйрық алды. Дивизия бұл жерді 5 желтоқсанда Мәскеу түбінде қарсы шабуыл басталғанға дейін ұстап тұрды. Ал осы уақыт аралығында дивизия едәуір шығынға ұшыраған: 537 адам қаза тапса, 770 жауынгер жараланып, 693 сарбаз хабар-ошарсыз кеткен. 1942 жылы мамырда аталған дивизия Қызыл Ту орденімен марапатталып, 30 гвардиялық дивизияға айналды.

Соғыс жылдары 30 гвардиялық атқыштар дивизиясы 1 200 елді мекенді, оның ішінде 8 ірі қаланы фашистік басқыншылардан азат етті. Оның 13 мыңнан астам жауынгері әскери қызметі үшін ордендермен және медальдармен марапатталған.

Шығыс Қазақстаннан шақырылған дивизияның төрт жауынгерінің сүйегін іздеушілер Горушки ауылының маңынан тапты. Қазірге дейін еріктілер үшін олардың екеуінің туысымен байланысудың сәті түсті. Яғни, Қатонқарағай аймағының тумасы Николай Алексеевич Белоглазовтың отбасы мүшелері табылды. Олар Текелі мен Новосибирскіде тұрады екен. Ал Астафей Петрович Блиновтың туыстары әлі күнге дейін Алтай аймағында (бұрынғы Зырян ауданы) тұратыны анықталды.

Еріктілер жауынгерлік даңқ белгісі қойылған жерден табылған қазақстандық сарбаздардың ұрпақтары мен туыстары табылып қадар деген үмітпен отандастарымызға үндеу жолдайды.

Николай Иванович Сафронов (1911 жылы туған) Киров облысының тумасы. Ол Лениногор аудандық әскери комиссариатынан шақыртылған. Ал оның туыстарының соңғы тұрған жері – Лениногорск (қазіргі Риддер қаласы), Сталин көшесі, 64-үй.

Николай Сафронов пен Астафай Блинов және Николай Белоглазовтың сүйегі Тула облысы Алексинск ауданының Авангард ауылының Алексин қаласын фашистерден азат ету құрметіне – 2018 жылдың 17 желтоқсанында қайта жерленді.

Қабен Әубәкіровтің (1913 жылы туған) сүйегі 2019 жылдың жазында қазылып, ол туралы деректер нақтыланды. Құжаттарда оның Шығыс Қазақстанның Предгорненск аймағының тумасы екені белгілі болды. Майданға шақырылған жері Предгорненск әскери комиссариаты деп аталған. 238 атқыштар дивизиясының 837 атқыштар полкінде пулеметші болған. 11.11.1941 хабар-ошарсыз кеткендер тізіміне енгізілген. Өлген кездегі мойынтұмарында әйелінің мекен-жайы: "Предгорненск ауданы, Красноярск с/с, Чудак кеніші" деп көрсетілген.

Алайда, еріктілер мұрағат құжаттарынан жауынгердің жесірі Татьяна Федоровна Лушкина 1954 жылы Ташкент облысының Пскент аудандық әскери комиссариатына күйеуін іздеу туралы өтініш бергенін анықтады. Өйткені, сол кездері ол Өзбекстан КСР-інде: Пскент ауданы, Жданов атындағы Саид селосында тұрған екен.

2020 жылы 13 сәуірде Қабен Әубәкіров Тула облысының Алексин қаласында құрметпен қайта жерленді.

Оқи отырыңыз: 9 мамыр: Ұлы Отан соғысында Қазақстанның жеңіске қосқан үлесі

Николай Сафронов пен Қабен Әубәкіровтің ұрпақтары мен туыстарын білетіндерден Тула облыстық "Іздеушілер" жастар орталығындағы "Жауынгер  тағдыры" жобасының үйлестірушісі Раиса Николаевна Очневаға 8-905-118-40-93, 8-953-195-90-53, 8-910- 584-59-58 (Whatsapp) нөмірі немесе ochneva-raisa@rambler.ru электрондық поштасы арқылы хабарласуды сұраймыз.

Жаңалықтар
0