НҰР-СҰЛТАН, 20 қараша – Sputnik. Ақтөбе облысының тұрғындары шошқа фермасын жабуды талап етеді. Айтуларынша, ауыл маңындағы шаруашылықтың доңыздары халықты әбден мезі еткен. Айнала тезекке толған. Ал қолқаны қабатын жағымсыз иіс қар жауса да басылмай тұр, деп хабарлайды Аstanatv.kz.
Ол аздай, талпақ танаудың ішек-қарындары көмілген жерден аяқ алып жүру мүмкін емес. Әлеуметтік желі арқылы да араша сұраған ауыл тұрғындары шошқа қалдықтарының 900 шаршы метр аумақты алып жатқанын айтады.
"Шыдамның да шегі бар" деген Бастамақ ауылының екі жүзге жуық тұрғыны 12 жылдан бері жанайқайға құлақ асар жан таппағандарына ашулы. Кәсіпкер әу-баста бұл жерге түйеқұс өсіремін деп рұқсат алған көрінеді.
"Түйеқұс ұстаймыз деді. Оның аяғы не болып кетті. Бір емес, екі емес 26 баз бар. Бір базда мыңдаған шошқа бар. Соның нәжісін әкеп төккенде мына Бестамақ қана емес Бесқопа, Қарағашқа дейін, тіпті Алғаға да иісі жетеді. Тыныс алу мүмкін емес", – дейді ауыл тұрғыны Ерболат Кенетаев.
Ауылдасының сөзін қоштаған Гүлнәр Айтжанова да су мен ауа ластанғандықтан терезе ашып, кір жая алмай жүргенін алға тартты.
Бұқараның айтуынша 40 мың шошқа өсіретін үлкен ферма, күн сайын 280 жануарды етке өткізу үшін бауыздайды. Ал оның зардабы ұшан-теңіз.
"Мешіт, медресеміз бар. Жабу керек. Қалдықтары мен боқтығын суға құйып жатыр. Балықтың бәрі қырылды. Суды мал да, адам да ішіп отыр", – дейді тағы бір ауыл тұрғыны Мақсат Жолдыбаев.
Басы дауға қалған кәсіпкер соңғы кезде қалдықтарды жерге көміп жүргендерін мойындады. Соңғы 20 күнде алты мың тоннадай өндірістік қалдықты көмген.
"Бізде экструдерлер сынып қалып, содан өткір содамен араластырып, көміп тастады. Жиырма күн болды", – деді шаруашылықтың атқарушы директоры Нұрым Құмаров.
Оқи отырыңыз: Шошқа ДНҚ-сы табылды: халал өнімін шығарушылар жұртты қалай алдап жүр?
Аудан әкімі бұл жағдайдан хабардар екен. Ол арнайы комиссия құрып, тексеріс жүргізетінін атап өтті.
"Біраз кемшіліктер анықталды. Арнайы келген комиссия тексереді. Соның қорытындысы бойынша іс сотқа беріледі. Соттың шешімімен ғана мекемені тоқтатуға болады", – дейді Алға ауданының әкімі Мамырғалы Аққағазов.
Шошқа фермасы жабыла ма, жабылмай ма ол жағы әзір белгісіз. Ал тұрғындар ферманың көзін жою үшін аянып қалмаймыз деп отыр.