НҰР-СҰЛТАН, 19 қараша – Sputnik. Қазақстан 2021-2023 жылдар аралығында азық-түлік бойынша импортқа тәуелділікті толығымен жоюды көздеп отыр. Бұл туралы үкімет басшысы Асқар Мамин мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Үкіметте импортқа тәуелділік мәселесін шешу үшін тиісті құжат әзірленген. Оған сәйкес, алдағы үш жыл ішінде алты тауар тобы бойынша импортқа тәуелділікті жою жоспарлары жүзеге асырылады.
"Атап айтқанда, қант, құс еті, алма, сүт өнімдері және балық. Ол үшін бізге бірқатар инвестициялық жобаны іске асыру қажет. Олардың саны 200-ден асады, жалпы сомасы – 750 миллиард теңге. Біз өз алдымызға 2021-2023 жылдар ішінде импортқа тәуелділікті біржолата жою міндетін қойдық", – деді премьер-министр сенаттың жалпы отырысында.
Мамин жыл басынан бері азық-түлік бағасы 7%-тен астамға өскенін атап өтті. Айтуынша, баға, негізінен, төтенше жағдай режимі кезінде қатты көтерілген.
"Сіздер білесіздер, бұл уақытта шекаралар, тауар нарықтары жабылды. Бұл әсіресе, азық-түлік пен әлеуметтік тауарларға теріс әсер етті. Әлеуметтік маңызы бар тауарлар қымбаттады", – деді үкімет басшысы.
Оқи отырыңыз: Қазақстанда 2021 жылдан бастап не өзгереді?
Маминнің айтуынша, үкімет бағаның өсуіне жол бермес үшін бірқатар шара қабылдап жатыр.