Қоғам

"Күмән тудырады:" белгілі адвокат Ағаділдің өліміне қатысты видео туралы айтты

© Sputnik / Тимур БатыршинНаручники, архивное фото
Наручники, архивное фото - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Ел Конституциясында адамның кінәлі екендігі заңды күшіне енген сот үкімімен танылғанша, ол жасалған қылмысқа кінәлі емес деп есептеледі

АЛМАТЫ, 18 қараша – Sputnik. Белгілі адвокат Абзал Құспан Жанболат Ағаділдің өліміне қатысты тараған полиция бейнематериалының заңсыз екенін айтты. Адвокат Facebook парақшасында видео жариялап, халықты тыныштандыру үшін осылай жасап отыр деп санайды.

"Жанболат Ағаділдің өліміне байланысты полиция ғимараты ішінде түсірілген және ел арасында таратылған видеоны толығымен заңсыз деп санаймын. Себебі, тергеу органдары қолданыстағы қылмыстық-процестік кодекстің шеңберінде ғана әрекет етуге құқылы. Ал қылмыстық-процестік кодекстің нормаларында адвокаттың қатысуынсыз, полиция ғимаратының ішінде, тергеу әрекеттерінен тыс азаматты өзіне өзі мойындатып, ол туралы видеоматериал дайындап, оны ел арасына тарату туралы норма мүлдем қарастырылмаған", – деді Құспан.

Айтуынша, одан бөлек бұл жерде Конституцияның 77-бабы, 3-бөлігі ("адамның кінәлі екендігі заңды күшіне енген сот үкімімен танылғанша ол жасалған қылмысқа кінәлі емес деп есептеледі"), қылмыстық-процестік кодексінің 19-бабы, 1-бөлігі ("әркім өзінің қылмыстық құқық бұзушылық жасаудағы кiнәлiлiгi дәлелденгенге және соттың заңды күшiне енген үкiмiмен белгiленгенге дейiн кiнәсiз болып саналады") талаптары бұзылып отыр. Ол нормаларға сәйкес, заңды үкіміне енген соттың шешімі болмайынша, ешбір азаматты кінәлі деп тануға болмайды. 

"Бұл жердегі жағдай елді тыныштандыру үшін жасалып отырған әрекет екендігі түсінікті. Яғни, тергеу процесіне белгілі бір жағдайда саясат араласып отыр деп есептеймін. Ал саясаттың тергеу процесіне араласуы болашақта мұндай істердің объективті, шындыққа негізделген тергеу болатынына үлкен күмән тудырады", – деді Абзал Құспан.

Жанболат Ағаділдің өлімі

10 қараша күні сағат 22:56-да полицияға Нұр-Сұлтан қаласының Көктал шағын ауданындағы Болашақ көшесінде жаппай төбелес басталғаны туралы хабар түскен. Төбелес кезінде екі адам жарақат алды. Біреуі қоғам белсендісі марқұм Дулат Ағаділдің 17 жастағы ұлы – Жанболат Ағаділ болып шықты.

Содан кейін желіде Жанболат Ағаділді өлтірді деген күдіктінің видеосы тарады. Ол марқұмның жақындарынан кешірім сұрады. 

"Осыдан бір жыл бұрын ата-анаммен бірге Астанаға (Нұр-Сұлтан) жұмысқа келдім. Кеше (10 қараша) досым өзімен бірге бір іске баруымды өтінді. Мен келістім. Біреуді ұрып, өлтіремін деген ниет болған жоқ", – деді видеодағы жігіт.

Алдын ала ақпаратқа сәйкес, видеода 1999 жылы туған Өміржан Рахмет есімді азамат.

Видеода ол өзімен бірге пышақ ала барғанын жасырмады. Оқиға орнына жеткен кезде төбелес басталып кеткен.

"Оның Жанболат Ағаділ екені қазір мәлім болып жатыр. Ол балаларды танымаймын, жауым емес. Байқаусызда қашып бара жатып, пышақ тықтым", – деді күдікті.

Ал 12 қарашада өткен брифинг кезінде ІІМ тергеу департаментінің басшысы Санжар Әділов төбелеске қатысушылардың бәрі анықталып, ұсталғанын хабарлаған болатын. Күдіктің кінәсі дәлелгенін мәлімдеді.

Дулат Ағаділдің өлімі

25 ақпанда ішкі істер органдары Нұр-Сұлтандағы тергеу изоляторында қоғам белсендісі Дулат Ағаділдің қайтыс болғанын хабарлады. Оқиға орнына жеткен жедел жәрдем бригада қызметкерлері ер адамның өлімін растады.

Ағаділ қаңтар айында сырттай айыпты деп танылып, оған қатысты ешқайда кетпеу туралы бұлтартпау шарасы қолданылған еді. Мұны орындамағаны үшін сот қоғам белсендісіне қатысты шараны қамауға алмастырды.

Оқи отырыңыз: Дулат Ағаділдің өліміне қатысты қылмыстық іс тоқтатылды

24 ақпан күні кешке Ағаділ үйінен тергеу абақтысына жеткізілді. Оған қатысты қылмыстық заңбұзушылық жасап, судья мен сот отырысына қатысушыларға тіл тигізгені үшін қылмыстық іс қозғалған болатын.

Жаңалықтар
0