Видео

Тірі секілді: қазақстандық гиперреалист-мүсіншінің тамаша туындылары – видео

Жазылу
Айдос Есмағамбетов – Қазақстандағы жалғыз гиперреалист-мүсінші. Ол балауызбен емес, қалпын ұзақ уақыт сақтайтын берік силиконмен жұмыс істегенді жөн көреді

Sputnik Қазақстан тілшісіне гиперреалист-мүсінші өзінің шеберханасын көрсетті.

Ал шеберханаға кірген бойда боксшы Геннадий Головкиннің әлі соңына жетпеген мүсіні бірден көзге түсті. Сөреде – Дональд Трамптың маскасы мен Джеки Чанның "басы", жерде түрлі "дене мүшелері" жатыр.

Сондай-ақ, бөлмеде – екі көрнекті саяси қайраткердің: Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Американың бұрынғы көшбасшысы Барак Обаманың мүсіндері де тұр.

Арқалық қаласының тұрғыны Айдос Есмағамбетов он жыл бұрын өзінің алғашқы гиперреалистік туындысы – Нұрсұлтан Назарбаевтың мүсінін жасады. Ол мадам Тюссо музейі туралы репортажды теледидардан кездейсоқ көрген соң шабыт алған. Бүгінде мүсінші туындыларының қатарына Абылай ханның, Барак Обаманың, Қазақстанның бірінші қорғаныс министрі Сағадат Нұрмағамбетовтің бейнелері енген.

2020 жылы коллекциялар қатары Түркістандағы музейй үшін арнайы жасалған Нұрсұлтан Назарбаевтың тағы бір мүсінімен толықты.

Сондай-ақ, дарынды мүсінші Абайдың 175 жылдығына орай ақынның мүсінін жасады.

© Sputnik / Абзал КалиевАбайдың гиперреалистік мүсіні
Тірі секілді: қазақстандық гиперреалист-мүсіншінің тамаша туындылары – видео - Sputnik Қазақстан
Абайдың гиперреалистік мүсіні

Ол негіз ретінде осы күнге дейін сақталған ұлы ақынның жалғыз фотосуретін алған. Автор оған үш айдан астам уақытын жұмсады.

Есмағамбетов шығармашылық отбасында дүниеге келген және ол бала кезінен сурет салғанды ​​ұнатады екен. Арқалық педагогикалық институтында көркем-графика факультетінде оқыған ол гиперреалистік мүсін жасауды үйренді. Әлемдік деңгейдегі мүсін жасау шеберлерінің шығармаларынан шабыт алған Айдос интернеттен мақалаларды көп оқып, YouTube-те сансыз бейнелерді көріп, тынымсыз ізденді.

Оқи отырыңыз: Нұр-Сұлтанның қысқы пейзажы көз сүйсіндіреді – таңғажайып видео

Мүсінші фотосуреттен адамның анатомиялық ерекшеліктерін мұқият зерттеуді меңгерген. Алдымен ермексаздан негіз жасап, содан кейін гипс жасайды. Ең соңында ғана берік әрі қалпын сақтайтын силиконды дайын формаға құяды.

"Болашақта экспонаттардың санын көбейтуді жоспарлап отырмын. Қазақстан мен шетелде жеке көрмелер ұйымдастырып, халықаралық байқауларға қатысқым келеді", – дейді "Қазақконцерт" мемлекеттік концерттік ұйымының суретшісі, гиперреалист-мүсінші Айдос Есмағамбетов.

Ол Sputnik Қазақстанға материалдарды негізінен шетелден сатып алатынын атап өтті.

"Бастапқы кезде кезде ата-анам қаржылай көмектесіп тұрды. Содан кейін портреттер мен суреттерге тапсырыстар түсе бастады. Қазіргі кезде маған "Қазақконцертте" шеберхана берілді. Қолым қалт еткенде осы жерде шығармашылықпен айналысамын. Сондықтан да алғысым шексіз. Ал енді бір мүсіннің бағасы қанша болатыны туралы айтудың қажеті жоқ шығар. Тапсырыстар түскен кезде бұл сұрақ әртүрлі тәсілдермен талқыланады. Кейде 500 мың, 700 мың, миллион теңге қажет болады. Мысалы, тарихи кейіпкерді жасайтын болсақ, онда бір шапанының өзі 500 мың теңгені құрауы мүмкін", – дейді Есмағамбетов.

Ал "Қазақконцерт" директоры Жеңіс Сейдуллаұлы 2021 жылы Айдос Есмағамбетовтың туындыларынан тұратын музей ашу жоспарланып отырғанын айтады.

Жаңалықтар
0