Қоғам

Алматыда iAzamat интерактивті қосымшасы іске қосылды

© Sputnik / Тимур БатыршинАким Алматы Бакытжан Сагинтаев на Алматинском инвестиционном форуме
Аким Алматы Бакытжан Сагинтаев на Алматинском инвестиционном форуме  - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Қала әкімінің айтуынша, жаңа интерактивті құрал азаматтық қоғамның басқару мен шешім қабылдау процесіне қатысуын кеңейтеді

НҰР-СҰЛТАН, 16 қараша – Sputnik. Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев мегаполисті дамыту жөніндегі қала тұрғындарының бастамалары мен ұсыныстарын назарға алып, талқылауға арналған iAzamat интерактивті қосымшасының ашылғаны туралы хабарлады. Бұл туралы әкім өзінің Instagram-дағы парақшасында жазды.

Сағынтаев жаңашыл сипаттағы бета-нұсқаның іске қосылғанын Алматының XII азаматтық форумында жария етті.

"Бастамаларды талқылап, мегаполисті дамыту бойынша ұсыныстарды әзірлеу үшін тиімді коммуникациялық алаңдардың бірі ретінде іАzamat жалпықалалық платформасының бета-нұсқасы бүгін іске қосылады. Алматылықтар қаладағы жобаларға дауыс беріп, өзекті мәселелерді көтеріп, ондағы жаңалықтарды біліп отырады", – деп атап өтті ол.

Қала әкімінің айтуынша, жаңа интерактивті құрал азаматтық қоғамның басқару мен шешім қабылдау процесіне қатысуын кеңейтеді.

Айта кетейік, қала әкімі мұндай қосымшаны әзірлеу туралы тапсырманы ағымдағы жылдың көктемінде берген болатын.

Сонымен қатар, бүгін "Азаматтық қоғамды дамыту: жаңа сын-қатерлер және қоғам мен мемлекет игілігі үшін міндеттер" атты Алматы қаласының ХІІ азаматтық форумы өтті. Шараға азаматтық қоғам өкілдері қатысты.

"Күн тәртібінде – қала алдында тұрған міндеттерді жергілікті атқарушы органдардың азаматтық қоғаммен өзара іс-қимылы арқылы шешу жайы қаралды. Онлайн-сессия барысында экология мен цифрландыру, денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қорғау, мәдениет пен спорт мәселелері талқыланды", – деп жазды мегаполис әкімі.

Қосымша қалай жұмыс істейді?

"Алматы қаласын дамыту орталығы" АҚ басқарма төрағасының орынбасары Нұртас Қайыровтың айтуынша, қосымшаның басты мақсаты – қала тұрғындары мен қала басшылығы арасында байланыс орнату.

"Бұл – диалог алаңы. Ол жерде азамат қандай да бір жобаға байланысты өз пікірін білдіре алады, оны талқылап, ұсыныс жасайды. Ұсынылған жобаның жақсы-жаман тұстарына қатысты ой айтады. Қосымша арқылы қала тұрғындары толықтай шешім қабылдау процесіне ат салысып, оның қалаға қаншалықты қажет екенін анықтау процесіне қосылады", – деді Қайыров.

Сонымен қатар iAzamat мобильді қосымшасы арқылы қала тұрғындары қаланың көркеюіне үлес қосады. Қай жерді жасылдандыру қажет екенін айта алады.

"Қала тұрғындарының барлық ұсынысы қосымшада көрініп тұрады. Кері байланыс болып, сұрақ немесе ұсынысқа жауап беріледі", – деп түсіндірді ол.

Қосымша арқылы әрбір алматылық қала туралы білуі қажет негізгі ақпаратты, қаланың экономикасы, білім беру, мәдениеті жайлы ақпарат алады. Қаланың жер көлемі мен қалада неше мұражай, неше кітапхана бар екені көрсетілген.

Оқи отырыңыз: Алматы троллейбустан бас тарта ма: Сағынтаев жауап берді

Сонымен қатар қосымашада қай жерде құрылыс жұмыстары жүріп жатқанын, жаңа құрылыстың басталғанын, құрылыс жұмыстарының аяқталғанын біліп отырады. Қалалық қоғамдық көліктің жүрісіне өзгеріс енгізілсе де, қосымшада жарияланып отырады.

Қосымша арқылы қала тұрғындары қаланың дамуына бағытталған жобаға дауыс береді. Талқылау функциясы арқылы оларды талқылауға мүмкіндік болады. Ол жерде пікір қалдыру функциясы іске қосылған.

Covid-19 бөлімінде коронавирус инфекциясына байланысты ақпарат көрсетілген. Қаланың бас санитар дәрігерінің қаулысы да жарияланады.

Айта кетейік, мобильді қосымша арқылы жедел желі нөмірлеріне де хабарласуға болады.

Жаңалықтар
0