НҰР-СҰЛТАН, 13 қараша – Sputnik. Қызылорда қаласындағы жаңа ықшам ауданы тұрғындарына шибөрілер шабуыл жасауда. Халық кешке қарай көшеге шығуға қорқады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан Еуразия бірінші арнасына сілтеме жасап.
Бүгінде қаладан бір-екі шағын автобус ауданның кіреберісіндегі көшеге белгілі бір уақытта ғана келеді. Аудан тұрғындары қалаға баратын жолға жаяу жетуге мәжбүр. Такси көп келмейді. Келген күннің өзінде тым қымбат. Себебі жол нашар. Көшеде жарық шамдары жоқ. Аудан тұрғындары кешке жүруге қорқады. Өйткені шибөрілер қаптап жүр.
"Көшенің бәрі тас қараңғы. Көліктердің бірі алса, біреуі алмай кетеді. Ақша болмағаннан кейін жаяу жүреміз. Алдымызда қыс, бұл жерде шибөрі көп. Қаншама шакалдан қашқан күндеріміз болды. Бала-шағамызбен жылап қашқанбыз", - деді Айгүл Нарынбетова.
"Бәйтерек" ықшам ауданы осыдан төрт жыл бұрын Тәуелсіздіктің 25 жылдығы мен астана күніне орай бой көтерген. Сол кезде адамдар жер учаскелерін алып, бірден баспана салған. Ал шенеуніктер жарық та, газ да тартылды деп мәлімдеді. Бірақ көгілдір отын былтыр ғана берілген. Ал жол мәселесі әлі күнге дейін шешілмей жатыр.
"Мына жолды көріп тұрсыздар, тас жол болғаннан кейін онымен жүрген қиын. Бұған маршруттар келмейді. Біз болсақ, азық-түлік пен құрылыс материалдарын әкелу үшін қалаға дейін 10 шақырым жол жүреміз", - дейді аудан тұрғыны Асарбай Ешниязов.
Тұрғындар жылына бір рет әкімдікке баруды әдетке айналдырған. Биыл әкімге мүлдем кіре алмапты. Аудан тұрғыны Жұмабике Исаеваның айтуынша, айқай-шу шығарғаннан кейін ғана әкімдік қызметкерлері қабылдаған. Бірақ биыл жол да, автобус да болмайды деді.
"Қазіргі кезде жобалық-сметалық құжаттар әзірленіп жатыр. 2021 жылдың бюджетімен Бәйтерек-1, 2, 3, 4 тұрғын ауданы бойынша орталық көшені асфальт төсеу жұмыстарын жүргізу жоспарымызда бар. Ал көше жарықтарын орналастыру асфальт төселгеннен кейін қолға алынады", - деп атап көрсетті әкімдіктің бөлім басшысы Біржан Далабаев.