НҰР-СҰЛТАН, 13 қараша – Sputnik. Батыс Қазақстан облысының әкімі Ғали Есқалиев елді шулатқан "қыздың елесі" туралы қауесетке пікір білдірді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Оның айтуынша, облыста мұндай проблема жоқ. Есқалиев бұл біреудің әзілі болуы мүмкін деген болжам жасады.
"Ешқандай проблема болмауы тиіс, өйткені құқық қорғау органдары күн сайын таңертең тұрғындарымызды не мазалайтыны немесе олар үшін қандай проблема туындап жатқаны туралы маған ақпарат береді. Егер сол мәліметте қамтылмаса, бұл сенімсіз ақпарат немесе біреудің қалжыңы болуы мүмкін", - деді Ғали Есқалиев.
Қыздың "елесі"
Елес туралы ақпарат осы аптада мессенджерде таралып кетті. Әйел аудио арқылы "тасжолдың бойында ақ шашты қыз жүр, жүргізушілерді қорқытып жатыр, кейбіреулер қартаң әйелді де көріпті" деп мәлімдеген. Жергілікті ақсақалдар тіпті құрбандық шалып, дұға жасаған.
"Жаны жай таппаған": астанада зират үстіндегі үйлерді елес кезіп жүргені рас па?
Құрамына Ханкөл ауылы кіретін Жусандыой ауылдық округінің әкімі Талап Қазиев тұрғындар арасында мұндай қауесет таралып жатқанын растады.
"Адамдар қызды, кемпірді және ұшатын елесті көрдім деп айтып жатыр. Мүмкін олар асыра сілтеп жатқан шығар, өйткені қорыққанға қос көрінер деген ғой. Өз басым күн сайын осы ауылға барып, осы тасжолмен жүремін. Ешкімді, ештеңе көрмедім, түнде де болдым. Ақсақалдар құрбандыққа мал шалып, дұға жасауға шешім қабылдады. Мен де барып, ауыл тұрғындарын тыныштандыруға тырыстым", - дейді Қазиев.
Ол "елес" туралы әңгіме жаздың соңында басталғанын айтты.
"Өзім бұған сенбеймін. Бұрын мұнда көптеген мешіт болған, адамдар бұл жерді қасиетті деп санайды және әр көктем сайын садақа береді. Биыл пандемияға байланысты барлық рәсім орындалмай қалды, садақа тек күзде берілді", - деп толықтырды әкім.
Ханкөл ауылында 460 адам тұрады.