НҰР-СҰЛТАН, 13 қараша – Sputnik. Ақмола облысының бас мемлекеттік санитарлық дәрігері карантин шараларын қатаңдату туралы қаулыға өзгерістер енгізді.
12 қарашада жарияланған құжатқа сәйкес, азық-түлік дүкендері, сондай-ақ, қоғамдық көліктің жұмыс режимі ұлғайды.
Азық-түлік дүкендеріне бекітілген кесте бойынша санитарлық күн өткізіп, 07.00-ден 20.00-ге дейін жұмыс істеуге рұқсат етілді. Бұған дейін қаулыда жұмыс кестесі 09.00-ден 20.00-ге дейін белгіленген болатын.
Бұған қоса, қоғамдық көліктің жұмыс кестесі өзгерді:
- жұмыс күндері 07.00-ден 20.00-ге дейін;
- сенбі – 07.00-ден 10.00-ге дейін және 17.00-ден 20.00-ге дейін;
- жексенбі және мереке күндері автобустар жүрмейді.
Ақмола облысында 13 қарашадан бастап санитарлық бекеттерде карантин күшейтілді. Басқа облыстардың тұрғындары ПТР-анықтамасы болмаса Көкшетау қаласына кіре алмайды.
Облыста бұқаралық, отбасылық және еске алу шараларына сол күйі тыйым салынған. Караоке, бильярд, компьютер және түнгі клубтар, боулинг орталықтар, жабық ғимараттағы балалар ойын алаңдары мен аттракциондар жабық болады.