НҰР-СҰЛТАН, 12 қараша – Sputnik. Қостанай облысында ұсталған браконьерлерден екі ұңғылы мылтық тәркіленді, деп хабарлайды Polisia.kz.
Қостанай облысының Ұзынкөл ауданында "Браконьер" жедел-алдын алу іс-шарасы барысында заңсыз аң аулады деген күдікпен бірнеше адам ұсталды.
Оқи отырыңыз: Қорықшыны атып өлтірген үш браконьер өмір бойына бас бостандығынан айырылды
2020 жылдың 7 қарашасында Ұзынкөл аудандық полиция бөлімінің учаскелік инспекторы мен Пресногорьков ауылдық округінің қорықшысы Коняево көлінің маңында "Toyota Hilux" маркалы автокөлікті ұстады. Көлікте Қостанай облысының төрт тұрғыны болған.
Жол талғамайтын көліктің жанында заңсыз атылған елік жатқан. Тексеру барысында полиция қызметкерлері "Toyota Hilux" автокөлігін, еліктің денесін, 16 калибрлі тіркелмеген екі ұңғылы мылтықты тәркіледі.
Аталған дерек Қазақстан Қылмыстық кодексінің 337-бабы 3-бөлігі (Заңсыз аңшылық) бойынша тіркеліп, тергеу жүргізіліп жатыр.