НҰР-СҰЛТАН, 12 қараша – Sputnik. Қазақстан азаматы алимент бойынша қарызын төлемегені үшін 2 бөлмелі пәтері мен автокөлігінен айырылды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан әділет министрлігіне сілтеме жасап.
Ведомствоның мәліметінше, 2017 жылдан бастап борышкер үш баласына алимент төлемеген. Қапшағай қаласының жеке сот орындаушысы салық органдары арқылы ер адам ай сайын 1,2 миллион теңге табыс табатынын анықтаған. Сол себепті осы уақыт ішінде оның алимент бойынша қарызы 21 миллион 600 мың теңгеге жеткен.
Оқи отырыңыз: Нұр-Сұлтанда алимент төлемей жүрген борышкердің қымбат көлігі тәркіленді
Содан кейін борышкердің Алматы қаласындағы 2 бөлмелі пәтері мен Toyota Camry автокөлігіне бұғау салынып, бағалау жүргізілген.
"Борышкер бірнеше рет жеке сот орындаушысына шақырылып, балаларын асырауға алимент төлеу қажеттілігі туралы ескертілді. Алайда ол сот шешімін орындаудан бас тартты", - деп хабарлады әділет министрлігі.
Борышкер өз міндетін орындамағаны үшін жеке мүлкінен айырылды.
"Тіркемесі бар автокөлік 3,2 миллион теңгеге, пәтер 13,6 миллион теңгеге бағаланып, өндіріп алушыға заттай берілді. Қазіргі уақытта алимент бойынша берешек 4 миллион 777 мың теңге қалды", - делінген хабарламада.