Өңірлер

"Қателік кеткен": Жеңіс Қасымбек баспана дауына түсініктеме берді

© Sputnik / Абзал КалиевКлючи, иллюстративное фото
Ключи, иллюстративное фото - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Аймақ басшысы қыста ешкімді пәтерден шығармайтынын жеткізіп, пәтерлер қате берілсе де, оны алған адамдар әзірше тұра беретінін айтты

 

НҰР-СҰЛТАН, 12 қараша – Sputnik. Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек Жезқазған мен Сәтпаевта мемлекеттік бағдарламамен салынған пәтерлер не себепті дұрыс таратылмағанын түсіндірді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Әкімнің айтуынша, соңғы екі аптаның ішінде Жезқазған қаласында салынған жаңа үйге қатысты сан алуан пікірлер тарап жүр. Тіпті, жаңа әкімнің қатысы бар деген алыпқашпа әңгіме шықты.

Алайда, бұл шаруаға жаңа әкімге еш қатысы жоқтығын айтқан Қасымбек қазіргі кезде әлеуметтік жағынан төмен және көпбалалы отбасылар, бюджет саласының қызметкерлері мен тағы басқа адамдар баспана кезегінде тұрғанын атап өтті.

"Ал Жезқазғанда мемлекеттік бағдарламамен салынған бірінші үйден әртүрлі кезекте тұрған адамдарға пәтер берілді. Сол кезде қателік болған. Оны бәрі мойындап отыр. Негізі, осы бағдарламамен салынған үйлерден бюджет саласының қызметкерлеріне пәтер беруге болмайды", – деді Қасымбек орталық коммуникациялар қызметінде өткен онлайн брифингте.

Аймақ басшысы қыста ешкімді пәтерден шығармайтынын жеткізді. Пәтерлер қате берілсе де, оны алған адамдар әзірше тұра береді.

"Қазір әртүрлі бағдарлама бойынша Жезқазған, Сәтпаев және басқа да қалаларда үйлер салынып жатыр. Сол баспананың басым бөлігі желтоқсан айында және алдағы жазда пайдалануға беріледі. Осы отбасылар жаңадан салынған үйлерден пәтер алады. Ешкім далада қалмайды", – деп атап көрсетті Қасымбек.

Оқи отырыңыз: Депутат тұрмысы төмен отбасылардың неге баспана ала алмай жүргенін айтты

Әкімнің айтуынша, Жезқазғанда 9 пәтер дұрыс берілмесе, Сәтпаевта 13 отбасыға үй қате берілген.

"Осы мәселеге байланысты жауапты шенеуніктерге тәртіптік сөгіс жарияланады", – дейді Қасымбек.

Жаңалықтар
0