Қоғам

Қазақстанда теріс себеппен жұмыстан шыққан адамдарды күзетке алуға рұқсат етіледі

Охранник
Охранник - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Депутаттың айтуынша, қазір Қазақстанда 5 127 жеке күзет ұйымы бар. Ал күзету және қаруды алып жүру құқына лицензиясы бар білікті күзетшілердің саны 97 116 адам

НҰР-СҰЛТАН, 11 қараша – Sputnik. Мәжіліс теріс себептермен жұмыстан шыққан адамдарға күзетші лауазымында жұмыс істеуге тыйым салу туралы норманы алып тастауды көздейтін заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Мәжілістің жалпы отырысында кейбір заңнамалық актілерге күзет қызметі мәселелері бойынша өзгерістер енгізу туралы заң жобасы бірінші оқылымда қаралды.

Заң жобасына мәжіліс депутаттары бастамашы болған. Құжатта теріс себептермен жұмыстан шыққан азаматтарды күзетші қызметіне алуға рұқсат етуді көздейтін норма жазылған.

"Күзет қызметі туралы" заңнан бұрын теріс себептермен жұмыстан шыққан адамдарға күзетші лауазымында жұмыс істеуге тыйым салу туралы нормаларды алып тастау ұсынылады. Өйткені заңнамада "теріс себептермен жұмыстан шығару" деген ұғым жоқ және Еңбек кодексінде осы негіздер бойынша еңбек шарттарын бұзу көзделмейді", – деді депутат Арман Қожахметов.

Сонымен қатар, заң жобасында Еңбек кодексі мен "Күзет қызметі туралы" заңға өзгерістер мен толықтырулар қарастырылған. Атап айтқанда, Еңбек кодексінің 52-бабына жұмыскер заңнамада белгіленген, кәсіптік қызметке қойылатын қосымша арнайы талаптарға сай келмеген жағдайда, жұмыс берушінің бастамасымен еңбек шартын бұзу негіздерін нақтылауға қатысты түзету енгізілді.

Бұдан бөлек, Еңбек кодексі мен "Күзет қызметі туралы" заңда әртүрлі түсіндірілетін "арнаулы киім" ұғымының анықтамасындағы түрлі түсініктер жойылды.

Қожахметовтің айтуынша, қазір Қазақстанда 5 127 жеке күзет ұйымы бар. Күзету және қаруды алып жүру құқына лицензиясы бар білікті күзетшілердің саны 97 116 адамға жетті.

Оқи отырыңыз: Сенаторлар түрмеде жазасын өтеп жатқандарға жұмыс тауып беруді сұрады

Былтыр жеке күзет күштері 605 қылмыстық құқықбұзушылықты ашқан. 11 мыңнан астам әкімшілік құқықбұзушылық анықталды. 11,5 мың құқықбұзушы ұсталып, полицияға берілді. Сонымен қатар, күзетшілер 1 200-ге жуық ұрлықтың алдын алды.

Мәжіліс депутаттары заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады.

Жаңалықтар
0