Қоғам

"Ақырзаман сияқты": Нығматулин карантин кезінде халықты шошытқан ақпарат туралы айтты

© Photo : Vidmir Raic Ребенок перед телевизором
Ребенок перед телевизором - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Мәжіліс төрағасы төтенше жағдайлар министрлігінің маңызды ақпаратты жеткізу мәдениетін көтеру қажет деп санайды

НҰР-СҰЛТАН, 11 қараша – Sputnik. Мәжіліс спикері Нұрлан Нығматулин бұқаралық ақпарат құралдары арқылы халыққа маңызды ақпарат жеткізу мәдениетін көтеру қажет екенін айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Мәжілістің жалпы отырысында кейбір заңнамалық актілерге ақпарат мәселелері бойынша өзгерістер енгізу туралы заң жобасы қаралды.

Сұрақ-жауап барысында палата төрағасы мемлекеттік тапсырысты орындау сапасын арттыру мәселесіне назар аударды. Бұл ретте спикер барлық дерлік БАҚ-тан таратылатын өте қарапайым ақпараттың сапасына тоқталды.

Карантин кезінде халыққа пандемияға байланысты өзін-өзі қалай ұстау ережелері жайлы ұдайы айтылғанын еске алған мәжіліс төрағасы мұның дұрыс әрі қажет екенін атап өтті.

"Бірақ бұл жұмыс қалай жасалды? Мәселен, телеарнадан жақсы фильм немесе қызықты бағдарлама, немесе радиодан концерт жүріп жатады. Кенет бәрі кілт тоқтап, экранда өте ұсақ шрифтпен жазылған, оқылуы қиын мәтін пайда болады. Ал экранның сыртында әлдекім бәсең, азалы дауыспен мәтін оқып тұрады. Басқа мемлекеттен келген адам мұны көріп-естіп, "не болып қалды?" деп сұрайтыны анық. Ол енді қазақ тілін, орыс тілін білмейді ғой, осындай қаралы үнмен жеткізу... Құдай сақтасын, ақырзаман сияқты", – деді Нығматулин.

Сондықтан, спикер ақпарат министрлігі бұқараға ақпаратты жеткізу мәдениетін қадағалауы керек деп санайды.

Ол ақпарат министрлігі өкілетті орган ретінде өз әріптестеріне, яғни төтенше жағдайлар министрлігіне маңызды ақпаратты жеткізу мәдениетін көтеруге көмектесуі керек екенін айтты.

Оқи отырыңыз: "Төбеңнен қойып қалады": әртістер жалған ақпарат тарағанда қандай күйде болатынын айтты

 

Жаңалықтар
0