НҰР-СҰЛТАН, 11 қараша – Sputnik. Қазақстанда қазақ тілін оқыту тиімділігін арттыру қажет. Бұл туралы Қазақстан халқы Ассамблеясы кеңесінің отырысында тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаев мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
"Қазақ тілінің халқымыздың бірлігін одан әрі нығайта түсуге, біріктіруші факторға айналуға әлеуеті бар. Ол этносаралық қатынас тілі болуы үшін оны үйренетін адамдар санын ұлғайтып, қолданыс аясын кеңейту қажет", - деді Назарбаев.
Ол мұны Қазақстандағы этносаралық қозғалыс саласындағы "негізгі позиция" екенін және мұның өзгермейтінін атап өтті.
"Ассамблея барлық этносты ортақ қазақстандық құндылықтар төңірегіне ұйыстыруға бағытталған жұмыс жүргізуі тиіс", - деді Елбасы.
Бүгінде республикада қазақ тілін тегін үйрететін 90 орталық жұмыс істейді. Алайда олардың тиімділігі, тұңғыш президенттің пікірінше, күмән тудырады.
Тағы оқыңыз: Билік қай тілде сөйлесе, халық та сол тілде сөйлейді – Тасмағамбетов
"Сол себепті мәдениет және спорт, білім және ғылым министрліктері мемлекеттік тілді меңгеру жүйесінің тиімділігін барынша арттыруы керек. Біз әр бала мектептен кейін мемлекеттік тілде еркін сөйлеп, оқып және жаза алатындай жағдай жасауымыз қажет. Бұл оларға мемлекеттік қызметтің, экономиканың барлық саласында жұмыс істеуге мүмкіндік береді", - Назарбаев.
Елбасы 1991 жылы халықтың тек 37%-і ғана қазақ тілінде сөйлегенін еске салды.
"Қазір жағдай түбегейлі өзгерді. Бағалаулар бойынша, мемлекеттік тілді азаматтардың 2/3-нен астамы меңгерген", - деді ол.
Егер жиырма жыл бұрын жоғары оқу орындарында қазақ тілінде білім алатындардың үлесі небәрі 27% болса, қазір – 83%. Бұрын қазақ тілінде сөйлейтін, бірақ ұлты қазақ емес адамды табу қиынға соғатын, қазір олай емес, деп түйіндеді сөзін Елбасы.