НҰР-СҰЛТАН, 10 қараша – Sputnik. "Ақ жол" демократиялық партиясының сайлауалды съезі онлайн режимінде өтеді. Бұл туралы партия төрағасы Азат Перуашев өзінің Telegram-арнасында хабарлады.
"Күрделі эпидемиологиялық жағдайға және бірқатар аймақта шектеулер енгізілуіне байланысты "Ақ жол" демократиялық партиясының президиумы өзінің сайлауалды құрылтайын қашықтан өткізуге шешім қабылдады", - деп хабарлады депутат.
Съезд 20 қарашаға белгіленген.
Оқи отырыңыз: Қазақстанда 6 партия сайлауалды съезд өткізетін күнді нақтылады
Перуашев партияның съезд отырысын ерекше жағдай туындағанда сандық технологияны қолдана отырып бейнеконференция режимінде өткізу заңға қайшы емес екенін атап өтті.
"Партияның құрылтайында off-line режимінде жұмыс істеу үшін облыстық филиалдардың басшылары мен орталық кеңес мүшелері шақырылады. Қалған делегаттар облыстық (қалалық) филиалдарда жиналып, тікелей бейнебайланыс арқылы қатысады", - деп нақтылады мәжілісмен.
Орталық аппарат пен "Ақ жол" партиясының филиалдарына тиісті ұйымдық-техникалық мәселелерді анықтау тапсырылды.
Айта кетейік, 10 қарашада Қазақстанда 2021 жылы 10 қаңтарда өтетін мәжіліс сайлауына партиядан кандидаттарды ұсыну кезеңі басталды.