Экономика

Теңгенің айырбас бағамы біршама өсті: қазақстандық валютаға не әсер етеді?

© Sputnik / Абзал КалиевДеньги тенге монеты
Деньги тенге монеты  - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Әлемдік экономиканың дағдарыстың жаңа кезеңіне аяқ басуы және шетел нарықтарындағы белгісіздік деңгейінің жоғары болуы АҚШ доллары индексінің өсуіне алып келді. Бұл дамушы елдердің алтыны мен валюталарының құнына әсер етті

НҰР-СҰЛТАН, 10 қараша – Sputnik. 9 қарашадағы қор биржасындағы сауда-саттық қорытындысына сәйкес, 10 қарашадағы жағдай бойынша, айырбас бағамы ай басынан бері 0,3%-ке күшейіп, бір долларға 431,17 теңгені құрады, деп хабарлады Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев.

Ұлттық банктің басшысы атап өткендей, сыртқы сектордағы белгісіздік және құбылмалылықтың артуы дамушы елдердің тәуекелді активтері мен валюталарына қысым жасады.

Мұнайдың әсері

Қазан айының соңында мұнай карантиндік шаралардың қайта енгізілу ықтималдығының артуы нәтижесінде бір баррельге 37,5 долларға дейін төмендеді. Бұл мұнайға деген сұраныстың әлсіреуін білдіреді. Бір айдың ішінде төмендеу көрсеткіші 8,5%-ті құрады.

"Осы айдың басынан бастап  мұнай бағасы 30 қараша мен 1 желтоқсан аралығында өтетін ОПЕК+ отырысының қарсаңына қарай біртіндеп өсе бастады. Бұл жиында шектеулерді ұзарту немесе қосымша қысқартулар енгізу мүмкіндігі қарастырылады", – деді Досаев.

Pfizer және BioNTech компанияларының вакциналарын сәтті сынақтан өткізу туралы жағымды жаңалық естілген кезде, мұнай бағасы бір баррель үшін 42,4 долларға көтерілді. Яғни, бір күн ішінде 7,5%-ке өсті. Айдың басынан бастап өсім 13,2%-ті құрады.

Экономикалық дағдарыстың екінші кезеңі

Әлемдік экономиканың дағдарыстың жаңа кезеңіне аяқ басуы және шетел нарықтарындағы белгісіздік деңгейінің жоғары болуы АҚШ доллары индексінің өсуіне алып келді. Бұл дамушы елдердің алтыны мен валюталарының құнына әсер етті.

"Доллар индексінің төмендеуі және АҚШ-тағы президенттік сайлауға қатысты жағдайдың айқындалуы кезінде алтын 9 қараша күні 0,8%-ке арзандап, бір унция үшін 1 863 долларға дейін арзандады", – деді Досаев.

Қазан айында АҚШ-та және бірқатар еуропалық елдерде коронавирустың екінші толқынының пайда болу ықтималдығы жағдайында дамушы елдердің валюталары тағы да әлсірей бастады.

Осылайша, түрік лирасы бір айда 8,0%-ке, ресейлік рубль – 2,2%-ке, бразилиялық реал – 2,3%-ке әлсіреді.

"Жалпы тенденцияларға және мұнай бағасының төмендеуіне байланысты, қазақстандық теңге басқа дамушы елдердің валюталары сияқты бір айда 0,2%-ке – бір доллар үшін 431,81 теңгеден 432,66 теңгеге дейін әлсіреді", – деп мәлімдеді елдің бас банкирі.

Оқи отырыңыз: БЖЗҚ салымшылары тоғыз айда 1 триллион теңге инвестициялық табыс алды

Сонымен қатар, Ұлттық қордың активтерін кепілдендірілген трансферт шеңберінде конвертациялау және қазан айында квазимемлекеттік сектор компанияларының экспорттық валюта түсімдерінің бір бөлігін міндетті түрде сатуы теңгенің әлсіреуін тоқтатты.

9 қарашада қор биржасындағы сауда-саттық қорытындысы бойынша, айырбас бағамы айдың басынан бастап 0,3%-ке күшейіп, бір АҚШ доллары 431,17 теңгені құрады.

Жаңалықтар
0