НҰР-СҰЛТАН, 9 қараша – Sputnik. Премьер-министр Асқар Мамин төрағалығымен коронавирус инфекциясының таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның кезекті отырысы өтті, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Бейнеконференция форматында өткен отырыста бірнеше министр баяндама жасап, қазіргі санитарлық-эпидемиологиялық жағдайда қолға алынып жатқан шаралар туралы есеп берді. Денсаулық министрлігі халық арасында пневмония мен респираторлық вирусты инфекцияны жұқтыру жағдайларының азайғанын мәлімдеді.
"Ерте вакцинациялау, жаппай маска тағу режимін және арақашықтықты сақтау шараларының арқасында биыл күзде халықтың пневмониямен және ЖРВИ-мен ауыруының тұрақты төмендеу динамикасы байқалады", - делінген ресми хабарламада.
Ресми мәліметке сәйкес, биыл қазан айында қыркүйекпен салыстырғанда, пневмониямен ауырғандар саны 26 процентке, 24,8 мыңнан 18,3 мыңға дейін азайды, ал өткір респираторлық вирустық инфекциямен ауырғандар 7,6 процентке, яғни 286,8 мыңнан 265,3 мың адамға дейін төмендеді. Өткен жылмен салыстырғанда ЖРВИ-мен ауыру көрсеткіші 1,7 есеге азайған.
Мысалы, 2019 жылы қазанда 441,2 мың науқас тіркелсе, биыл қазан айында 265,3 мың адам жіті респираторлық вирустық инфекцияларға шалдыққан.
Айта кетейік, комиссияның бүгінгі отырысынла коронавирусты жұқтыру жайы да талқыланды. Бүгінде барлық өңірде COVID-19-ды жұқтыру жағдайлары артып отыр. Шығыс Қазақстан және Павлодар облыстары "қызыл аймаққа" енсе, Батыс Қазақстан, Қостанай, Ақмола және Солтүстік Қазақстан облыстары "сары аймақта" отыр.
Премьер-министр қызыл және сары аймақтардағы өңірлердің әкімдеріне жағдайды тұрақтандыру бойынша қосымша шаралар қабылдап, мәселені ерекше бақылауда ұстауды тапсырды.