Экономика

Қазақстанда 1 миллиард теңгенің есірткі заты тәркіленді - ІІМ

© Sputnik / Тимур БатыршинПоиск закладки наркотиков в машине
Поиск закладки наркотиков в машине - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Есірткі қылмысына қарсы күрес заңнамасына енгізілген өзгерістер синтетикалық есірткіні өндіретіндерді де, оны сататындарды да дер кезінде анықтауға мүмкіндік берді

НҰР-СҰЛТАН, 9 қараша – Sputnik. Жыл басынан бері республика бойынша 100 келіге жуық синтетикалық есірткі заттары тәркіленді. Бұл туралы ішкі істер министрлігінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл департаментінің басшысы Тілеген Мәткенов мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі. 

Оның айтуынша, биыл тәркіленген синтетикалық есірткінің жалпы сомасы бір миллиард теңгеден асып отыр. Былтыр оның көлемі небәрі екі келі ғана болған.

"Есірткі қылмысына қарсы күрес заңнамасына енгізілген өзгерістер синтетикалық есірткіні өндіретіндерді де, оны сататындарды да дер кезінде анықтауға мүмкіндік берді. Мәселен, алты ұйымдасқан қылмыстық топ жойылды. Бес жетекшісі және 21 қатысушы жауапқа тартылды. Оларға қатысты 33 қылмыстық іс қозғалды", - деді Мәткенов онлайн брифингте. 

Оның айтуынша, биыл жеті есірткі зертханасы анықталды. Сол жерде барлығы 65 келі дайын есірткі заттары және оны дайындауға арналған 140 литр психикалық белсенді заттар тәркіленген болатын. Жақында ғана арнайы операция кезінде Алматы қаласында тағы бір зертхана анықталды. Қаланың үш азаматы ұсталды. Зертханада 10 келіден астам мефедрон тәркіленді. 

"Есірткі заттары қылмыстық топқа құрамындағы ер адамның үйінде жасалды. Олар барлық шикізатты шетелден алып тұрған. Ал дайын есірткіні Алматыда таратуды жоспарлады. Осылайша, шамамен, 40 мың бір реттік доза мефедрон жойылды. Оның бағасы - 240 миллион теңге", - деп атап көрсетті Мәткенов.

Ресми мәліметке сәйкес, жыл басынан бері синтетикалық есірткіге қатысты 650 қылмыстық құқықбұзушылық анықталды. Соның ішінде осы заттарды сатудың 238 фактісі бар. Ескірткіні таратуға арналған 850-ден астам сайт бұғатталды. 

"Қазіргі кезде заңсыз есірткі заттары айналымы саласында электронды әмияндарды пайдалануға жол бермеу бойынша тиісті жұмыстар аяқталуға жақын. Осы қараша айында ішкі істер министрлігі мен ұлттық банк әзірлеген заң нормалары күшіне енеді. Оған сәйкес, анонимді қолданушыларға ақша аударуға тыйым салынады", - дейді Мәткенов.

Жаңалықтар
0