"Желторңағы туралы аңыз" спектаклі ежелде жер бетінде пайда болған өзгеше ағаш туралы оқиғаны баяндайды. Желтораңғы құстар үшін ұя салуға қолайлы жайлы мекенге айналады. Бұл ағаш көптеген катаклизмді басынан өткерді, бірақ ештеңеге қарамастан барлық кездескен кедергіге төтеп берді.
Адамзат пен табиғат арасындағы текетірес
Хореограф-қоюшы режиссер Анвара Садықоваға бұл балетті қоюға Қуат Шілдебаевтың "Желтораңғы қайғысы" музыкалық туындысы шабыт береді.
"Мен желтораңғының не екенін білу үшін ол туралы ақпарат іздей бастадым. Қойылымның өзегінде – кез келген сынаққа қарсы тұруға мүмкіндік беретін мықты тамыр жүйесі жатыр. Бір кездері біздің қазақ даласы неше түрлі жағдайды басынан өткерді. Бірақ біз бәріне қарсы тұра алдық, алға ұмтылып, дамып келеміз – бұл бір жүйе. Ал екінші жүйе – ол адамзат әлемі мен табиғат әлемі арасындағы қақтығыс. Бұл – бүгінгі күннің өте өзекті мәселесі. Сондықтан, біз осы екі бастаудың, яғни адам мен табиғат арасындағы үйлесімділікті тапқымыз келді", - дейді Анвара Садықова.
Балет театрының сахнасында адам мен табиғат текетіресі тақырыбы айтарлықтай ашық көрсетілді. Спектакльдің өзегі – адамдардың ағаштар мен құстарға жасаған қатыгездігі. Аңыз көрерменді ежелгі дәуірге жетелегенімен, қоршаған ортаның адамзат алдындағы нәзіктігі мен қорғансыздығы – қазір де күн тәртібінен түспеген өткір мәселе.
Балетке арналған либреттоны белгілі қазақ ақыны Бақыт Қайырбеков жазды. Философиялық мәнге ие қойылымның әрбір картинасы суретшілер мен режиссерлердің идеясымен әзірленген, әртістердің керемет биі әрленген.
Өлімді жеңген махаббат
"Желтораңғы туралы аңыз" бір актілі балетінің басты оқиға желісінің бірі – аты аңызға айналған желтораңғы ағашын кесуге келген, бірақ артынан оған өкінген жігіттің айналасында өрбиді. Кейін ол сұлу қыз бейнесіндегі желтораңғының жанын көреді. Оған ғашық болады.
Оқиғаның шарықтау шегінде көрермендер махаббат пен қатыгездік, тіпті өлім арасындағы күрестің куәсі болады. Бірақ жанр заңы бойынша, ақыр соңында махаббат қатігездікті жеңуі керек.